02.10.2025, 15:00

«ZERTTEME» – жастардың дауысы: Астанада антинаркотикалық кең ауқымды шара өтті

Фото: Астана әкімдігі

2 қазан күні таңғы сағат 10:00-де елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында жастарға арналған ерекше іс-шара өтті. «ZERTTEME» деп аталатын антинаркотикалық жоба «Жастар қарсы – бізбен бірге!» ұранымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл шара – тек ресми жиын емес, қоғамның ең өзекті мәселесінің бірі – нашақорлықпен күресте билік пен жастардың ортақ үндеуі.

Жобаны Астана қаласының прокуратурасы, «Сарайшык» ауданының әкімдігі және Білім басқармасы бірлесіп өткізді. Оған этномәдени бірлестіктердің жастары да атсалысты. Залға 1200-ден астам орын дайындалып, студенттер, оқушылар және жастар ұйымдарының өкілдері жиналды.

Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қадағалау және қылмыстық қудалау Басқармасы бастығының орынбасары Кудабаев Нұрсұлтан Сакенұлының айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – жастардың бойында нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру, құқықтық және әлеуметтік сауаттылықты арттыру.

Шараның негізгі спикері – полиция подполковнигі, Астана қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Қибатқызы Әлия.

Ол жастарға қарата:

«Нашақорлық – жеке адамның ғана емес, бүкіл ұлттың болашағына қауіп төндіретін құбылыс. Біз заңды да, тәртіпті де сақтау арқылы қоғамды қорғауымыз керек. Әрбір жастың санасында мықты иммунитет қалыптасса, бұл індеттің тамырына балта шабамыз», – деп ашық айтты.

Шара барысында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Кейін студенттерге арнайы жасақ сарбаздарының спорттық қойылымдары мен жекпе-жек элементтері ұсынылды. Бұл көріністер салауатты өмір салтының нағыз үлгісі ретінде жастарға ерекше әсер қалдырды.

Сонымен қатар, нашақорлықтан арылған адамның жеке оқиғасы айтылды. Оның эмоцияға толы сөзі көпшіліктің жүрегіне жетті:

«Бір кездері мен өзімді құтқара алмайтындай сезіндім. Бірақ шыдамдылық, қолдау және өз-өзіме деген сенімнің арқасында қайта оралдым. Ең бастысы – адам өзін жоғалтпау керек», – деді ол.

Іс-шараға арнайы шақырылған танымал блогерлер жастарға әлеуметтік желі арқылы мотивациялық үндеу жасады. Олар:

«Егер сен шын батыр болғың келсе – қиындыққа берілме, уақытша қызық үшін өз болашағыңды құрбан етпе. Біздің күшіміз – бірлікте», – деп жастарға тікелей жүгінді.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері де сөз алып, нашақорлыққа қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін ерекше атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ZERTTEME» – жастарға ғана емес, бүкіл қоғамға арналған үндеу. Бұл іс-шара ұлттық бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын басты құндылық ретінде дәріптеуді көздейді.

Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қадағалау және қылмыстық қудалау Басқармасы бастығының орынбасары Кудабаев Нұрсұлтан Сакенұлы шара соңында: 

«Жастар – біздің болашағымыз. Егер біз оларды қорғап, дұрыс жолға бағыттасақ, Қазақстанның болашағы жарқын болады. «Заң мен тәртіп» қағидаты – жай сөз емес, әрқайсымызға ортақ міндет», – деді.

«ZERTTEME» – тек бір күндік акция емес. Бұл – жастардың жүрегінде қалатын үндеу және қоғамды сақтап қалу жолындағы үлкен қозғалыстың бастамасы.

Елордада өткен бұл жиында мемлекет, жастар ұйымдары және азаматтық қоғам бірігіп, бір үнмен:

«Жастар қарсы – бізбен бірге!» – деп мәлімдеді.