27.09.2025, 10:30

Павлодарда әкесі мас күйде 3 жасар қызын өлтірген

Фото: pixabay

Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қайғылы оқиға 20 қыркүйек күні Тереңкөл ауданы Осьмерыжск ауылында болған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

– 2025 жылғы 20 қыркүйек күні түнде Тереңкөл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 3 жасар бала жеткізілді. Түскен кездегі жағдайы аса ауыр, бала есінен танған, ешқандай реакция бермеді. Хирург дәрігерлер баланы қарап, жабық шүйде сүйегінің сынуы диагнозын қойған. Бұған қоса сол жақ қасүсті аймағында жыртылған жара, дененің жұмсақ тіндерінде көптеген соғылған жарақат пен көгерулер болған. Реанимациялық шаралар нәтижесіз болды. Баланың мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

– Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Тереңкөл ауылындағы үйден дене жарақаттарын алған жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Алайда ол есін жимастан көз жұмды. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің әкесі анықталып, ұсталды және сот санкциясымен қамауға алынды, – деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінен.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.