24.09.2025, 22:30

Назарбаев әулетінің байлығы тәркіленді: 57 млрд теңге қайтарылды, бірақ «Алтын орда» мен жер телімдерінің тағдыры құпия күйінде қалды

Фото: world-nan.kz

Бірақ аталған нысандардың тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы белгісіз.

Кеше ғана сот шешімімен Болат Назарбаевтың ұлы — Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылды. Сонымен бірге, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең маңыздысы – оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісі мен жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Алтын орда» көлеңкесі

Алайда қоғамды мазалайтын сұрақ көп. Себебі жұрт арасында әулеттің рейдерлік жолмен иемденген базарлары мен Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз жер телімдері туралы деректер жиі айтылады. Әсіресе атышулы «Алтын орда» базарына қатысты күмәнді мәліметтер қоғамды дүр сілкіндіріп отыр. Бірақ аталған нысандардың тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы белгісіз.

Жабық сот пен ашық сұрақтар

Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық өтуі ашықтыққа күмән тудырады. Халық активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдырына алаңдайды: олар бюджетке қалай пайда әкеледі? Жұмыс орындары сақтала ма? Қайтарылған қаражат халық игілігіне жұмсала ма?

Депутаттың сауалы

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Бас прокурорға сауал жолдады. Онда мынадай талаптар қойылған:

1. Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі барлық активтерге толық түгендеме жүргізіп, заңсыздарын мемлекетке қайтару.

2. Қайтарылған активтер мен олардың қолданылуы туралы мәліметті халыққа ашық жариялау.

3. «Алтын орда» базары мен Алматыдағы заңсыз иеленген жер телімдеріне қатысты тергеуді бастау.