Хабарлама қала тұрғындары арасында үрей туғызды.
Кеше, 21 қыркүйек шамамен 16:26-да Алматы тұрғындарының телефондарына жер сілкінісі туралы төтенше хабарлама түсті. Алайда қалада жер дүмпуі сезілген жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
– Назар аударыңыз! Жер сілкінісі! Қауіпсіз жерлерді паналаңыз. Дүмпулер аяқталғаннан кейін ғимараттан қауіпсіз қашықтыққа эвакуациялаңыз!
Уәкілетті органдардың нұсқауларын мұқият қадағалаңыз. Қосымша ақпараттар Төтенше жағдайлар департаменті мен Алматы қаласы әкімдігінің сайттары мен әлеуметтік желілерінде, - делінген хабарламада.
Аталған хабарлама қала тұрғындары арасында үрей туғызды. Қала тұрғындары үйлерін тастап, ғимараттарды босата бастаған.
Ал, қалалық ТЖД өкілдері тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, сейсмологтардан ешқандай дерек түспегенін атап өтті.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жер дүмпуіне байланысты MasАlert жүйесі автоматты түрде іске қосылған.
ТЖМ «Сейсмологиялық зерттеу институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2025 жылғы 21 қыркүйек Астана уақытымен 16 сағат 25 минут 19 секундта жер сілкінісі тіркелген.
Жер сілкінісінің координаттары: 43.165 с.е., 76.824 ш.б.
Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан 9 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 7.2. Магнитуда MPV – 3.8.
Есептік қарқындылығы (балмен): сезілмейді.
Алматы қаласының аумағында дүмпу сезілген жоқ.
– «Masalert» жүйесі автоматты түрде хабарландыру таратты, - деп хабарлады ТЖД.
Сонымен қатар, Алматыда афтершок күтіле ме, деген сауалға ТЖД басшысы жауап берді.
Алматы қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Дамир Ермағамбетов жер сілкінісі туралы хабарландырудан кейін қала тұрғындарына үндеу жасады.
– Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары! Бүгін, 21 қыркүйек күні, шамамен сағат 16:25-те Астана уақыты бойынша Алматыдан 9 шақырым жерде сейсмикалық станциялар жер сілкінісін тіркеді. Алайда тұрғындарға сезілген жоқ. Дүрбелең мен алаңдаушылыққа негіз жоқ. Жағдайды төтенше жағдайлар департаменті толық бақылауда ұстап отыр. Сейсмология институтының деректері бойынша қайталама афтершоктар күтілмейді, - деді ол бейнеүндеуінде.
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі байланысты хабарландыру қалай таралғанын түсіндірді.
28 сейсмостанцияның бірі жер сілкінісін тіркеп, хабарландыру жіберді.
ТЖМ мәліметінше, 28 сейсмостанциядан құрылған автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі (АСРО) Алматыда 2023 жылдан бастап іске қосылған.
– Алғаш болып оқиғаны тіркеген станция — Ақжардағы станция болды. Алынған деректер негізінде жүйе MasAlert-ке сигнал жіберіп, содан кейін ресми хабарлама таратылды, - делінген ведомство жауабында.
Министрлік АСРО мен MasAlert жүйесінің интеграциясы бойынша жұмыстар жалғасатынын хабарлады.
– Мамандар ақпарат беру және аналитикалық алгоритмдерді жетілдіру жұмыстарын жүргізуде, бұл қауіпті сейсмикалық оқиғалар кезінде халықты дер кезінде хабардар етуге, сондай ақ нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді, - деп хабарлады ТЖМ.
Ал, қасақана жалған ақпарат тарату орын алған жағдайда Алматының құқық қорғау органдары жер сілкінісі кезінде негізсіз дүрбелең мен қорқыныш тудырған жалған хабарламалар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
"Жалған мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - деп ескертеді полиция департаменті.
Полицейлердің мәлімдеуінше, ҚР Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" 274-бабы, "Бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет" 2-бөлігі бойынша 3 мың АЕК (11 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.
Сонымен қатар үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды ақпараттық мәдениетке шақырып және ресми мәліметтерге ғана сенуге кеңес береді.