22.09.2025, 18:40

Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова «Ел қорғаны» медальімен марапатталды

Фото: Қорғаныс министрлігі

"Армия спортының бір бөлігі болғаныма мақтанамын".

Қорғаныс министрлігінде армия спортшысы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекованың жеңісіне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 Жерлесіміз Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, ел мерейін асырды.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов чемпионды жеңісімен құттықтап, оның табандылығы мен ерлігін ерекше атап өтті. Министрдің айтуынша, Балқыбекованың жетістігі – жастар үшін үлкен үлгі әрі жеңіске деген сенімнің айқын көрінісі.

Сонымен қатар, армия бокс командасының басшысы, аға лейтенант Әлішер Омарқұлов чемпионды дайындаудағы еңбегі үшін марапатталды. Оған мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді.

Ал Балқыбекова ел қорғаны ретіндегі ерен еңбегі үшін «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен наградталды. Өз кезегінде спортшы әйелдер құрамасының әлем чемпиондары қол қойған бокс қолғаптарын министрлікке сыйға тартып, қолдау көрсеткен барша жанға алғысын білдірді.

«Армия спортының бір бөлігі болғаныма мақтанамын. Жеңістерім жас буынды спортқа ынталандырады деп сенемін», – деді чемпион.

Іс-шара соңында спортшылар мен бапкерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіліп, армия спортын дамыту – жоғары жетістіктердің кепілі екені тағы бір мәрте дәлелденді.