22.09.2025, 17:30

«Көліктер құдыққа құлап жатыр, балалар ше?»: Тұрғындар әкімдік жұмысына наразы (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Желі қолданушылары да биліктің әрекетсіздігіне ашулы.

Талдықорған қаласының Абубакирова көшесі тұрғындары ашық қалған люктерге байланысты дабыл қағуда. Жол үстіндегі қауіпті шұңқырлар көлікті ғана емес, ең бастысы адам өмірін жұтып кетуі мүмкін. Жергілікті халықтың айтуынша, билікке бірнеше рет шағымданғанымен, мәселе шешілер емес, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жеңіл көліктің алдыңғы дөңгелегі ашық қалған құдыққа түсіп кеткен сәті анық көрінеді. «Бұл жол емес, темір қақпанға толы көше. Қанша рет өтініш жасадық, бірақ ешкім назар аудармайды. Біреу қаза тапқан соң ғана қимылдай ма?» – дейді тұрғындар.

Желі қолданушылары да биліктің әрекетсіздігіне ашулы. «Күндізгі жарықта көліктің дөңгелегі құдыққа түсіп жатыр. Балалар ойнап жүріп құлап кетсе не болмақ?» – деп жазды қала тұрғындарының бірі.

Мәселе тек көлікке келетін шығынмен шектелмейді. Ашық қалған люктер жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларға үлкен қауіп төндіреді. «Қаланың ортасында осындай жағдай болса, ал шеткі аудандардың жағдайы не күйде?» – деген сұрақ та көпшілікті мазалайды.

Тұрғындар әкімдіктен нақты шара қабылдауды талап етуде. «Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – биліктің тікелей міндеті. Бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмайды», – дейді ашулы жұрт.