Оның айтуынша, қазақстандық клубтар қақпаға гол соққаннан гөрі қазынадан қаржы алуды әдетке айналдырған.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиұлы Қазақстандағы футбол клубтарына бюджеттен қыруар қаржы бөлінуін сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, қазақстандық клубтар қақпаға гол соққаннан гөрі қазынадан қаржы алуды әдетке айналдырған. Президент Жолдауында айтылғандай, футболды дамыту үшін клубтарды жекешелендіру қажет. Депутат осы тапсырманың әлі орындалмағанына назар аударып, бұл мәселені Үкімет басшысына депутаттық сауал ретінде жолдады. Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы футбол клубтарын қаржыландыруға 31,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде Премьер-лига командаларына – 24 миллиард, Бірінші лига клубтарына – 7,7 миллиард теңге жұмсалған. Мәселен, «Ордабасы» клубына – 3,2 миллиард, «Ақтөбеге» – 2,1 миллиард, «Қызыл-Жарға» – 2 миллиард теңге қарастырылған. Ал «Астана» футбол клубы «Самұрық-Қазынадан» 5,3 миллиард теңге алған. Депутаттың айтуынша, осынша қаражатты кәсіби клубтарға бөлу қисынсыз, себебі олардың халықаралық аренадағы нәтижесі көңіл көншітпейді. «Бюджет тапшылығы жағдайында аймақ басшыларының футболға қаржы таба қоюы түсініксіз. Бұл қаржыны бұқаралық спорт пен жаттықтырушылардың жағдайын жақсартуға бағыттау әлдеқайда тиімді болар еді», – деді Сәрсенғалиұлы. Ол жаттықтырушылардың жалақысы өте төмен екенін де атап өтті. Қазір еңбек жолын жаңа бастаған бапкер айына небәрі 117 мың теңге алса, жоғары санатты маманның еңбекақысы 145 мың теңгеден сәл асады. Осы себепті көптеген жаттықтырушы білім саласына кетуге мәжбүр, себебі ол жақта айлық жоғары. Депутат Үкіметке үш нақты ұсыныс айтты: 1. Барлық футбол клубын жедел түрде жекешелендіру; 2. Бұған дейін бөлінген қаржының толық есебін шығарып, оның қалай жұмсалғанын тексеру; 3. Жаттықтырушылардың еңбекақысын көтеру үшін Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізу.