Жаңа ережелер 31 тамыздан бастап күшіне енді.
Қазақстанда несие рәсімдеу тәртібі қатаңдатылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарына жаңа талап қойды. Енді әрбір азаматтың төлем қабілеті бұрынғыдан да мұқият тексеріледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жаңа ережеге сәйкес, егер азамат соңғы бір жылда несиесін немесе микрокредитін 90 күннен артық кешіктірсе, оған жаңа қарыз алу іс жүзінде мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда қарыз жүктемесінің коэффициенті небәрі 0,25%-пен шектеледі, яғни табысқа қарай несие алу мүмкіндігі күрт төмендейді. Сонымен қатар, егер несие 30 күннен артық өтелмесе, банк жаңа қарыз бермейді. Ал микрокредитке қойылған талап одан да қатаң: бір-ақ күн кешіккен адамның өзі жаңа қарызға қол жеткізе алмайды.
Тағы бір маңызды өзгеріс – егер азамат соңғы үш жылда қарызы кешірілген болса немесе бірнеше рет қайта құрылымдаудан өткен болса, оған да несие берілмеуі мүмкін. Мұндай адамдар банктер тарапынан жоғары тәуекел тобына жатқызылып отыр. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтар көбінесе 45 күнге дейінгі қысқа мерзімді микрокредит алады. Алайда бұл қаржыны көбіне бұрынғы қарызын жабуға жұмсайды, сондықтан қарыз жүктемесі азаймай, керісінше арта түседі. Оның үстіне микрокредиттердің едәуір бөлігі уақытында төленбейді – тіпті бір күннен бастап кешігулер жиі кездеседі. Сол себепті жаңа талаптар қарыздың ұлғаюына жол бермеу үшін енгізілген.
Жаңа ережелер 31 тамыздан бастап күшіне енді. Енді әрбір азамат несие алар алдында өзінің қаржылық мүмкіндігін нақты есептеуі тиіс. Өйткені аз ғана кешігу болашақта қарыз алу құқығынан айыруы мүмкін.