$ 540.84  634.46  6.43

Қазақстандықтар жаппай өз ұлтынынан бас тарта бастады

Көп жағдайда бұл – орыс ұлты өкілдері.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Соңғы он жылда 41 мыңнан астам азамат жеке құжаттарында ұлтын өзгерткен. Ішкі істер министрлігі нақты этностарға қатысты толық есеп жүргізбейтінін, тек жалпы статистиканы тіркейтінін мәлімдеді. Дегенмен белгілі деректер бар: 2014–2024 жылдары 41 545 қазақстандық ұлттық графасын өзгертуді сұраған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Көп жағдайда бұл – орыс ұлты өкілдері. Олардың біразы мұндай қадамға шетелде оқуға, жұмыс істеуге немесе жай ғана өзге елдерде қысым көрмеу үшін барған.

Мәселен, алматылық Алексей Меркушев қызының басынан өткен жағдайды баяндады:

«Қызым Италияда білім алғысы келеді. Құжат рәсімдеу кезінде ол қазақ болып жазылуды өтінді. Қазақ тілін еркін меңгерген. Алайда ХҚКО қызметкері ата-анасы қазақ емес екенін айтып, қарсы шықты. Соңында қызыма анасының ұлты берілді – құжатта ол неміс болып жазылды», – дейді ол.

Ал Виктор Каргинов әділет министрлігіне ресми хат жолдап, ұлттық жазбаны өзгерту тәртібін сұраған. Ол мұны Украинадағы соғыс салдарынан орыс ұлтына деген жаһандық теріс көзқараспен байланыстырды:

«Қай елге барсақ та, ұлтымызды білгенде адамдардың жүзі өзгереді. Интернетте орыстарға қарсы жеккөрініш толқыны жиі көтеріліп тұрады. Жақындарымның қауіпсіздігі үшін ұлтымды да, тіпті тегімді де өзгерткім келеді», – дейді ол.

Алайда министрлік мұндай мәселелер ХҚКО немесе жергілікті әкімдіктер құзырында екенін алға тартқан. Бірақ тұрғындардың айтуынша, акиматтар да нақты әрі толыққанды жауап беруге қауқарсыз.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы халық санағында 129 мыңға жуық қазақстандық орыс «қазақ тілін» туған тілі ретінде көрсеткен. Сарапшылардың пайымынша, егер мемлекет ұлттық сәйкестікті өзгерту рәсімін жеңілдетсе және фамилиядағы «-ов», «-ин» сынды жалғауларды алып тастауға мүмкіндік берсе, он мыңдаған азамат мұндай қызметке бірден жүгінер еді.

ҚР ІІМ мәліметіне сай, 2024 жылы азаматтар көбіне мына бағытта ұлтын өзгерткен:

орыстан – неміске (743 адам),

өзбектен – қазаққа (354),

орыстан – украинға (300),

украиннан – орысқа (246).

Ал орыстан қазаққа өткендер – небәрі 11 адам. Оның өзі ата-анасының бірі қазақ болғандар. Министрлік қазақ емес отбасынан шыққан бала «қазақ» болып жазыла алмайтынын нақтылады.

Бюрократиялық кедергілерге байланысты ұлттық өзгеріс рәсімі былтыр күрт қысқарған:

2021 жылы – 3254 адам,

2022 жылы – 3363,

2023 жылы – 3366,

2024 жылы – 2158 адам.

ҚР ІІМ  Конституцияның 19-бабына сәйкес әр азаматтың ұлттық тиесілігін көрсету не көрсетпеу құқы барын еске салды. Бірақ өзгеріс тек ата-ананың ұлты аясында ғана мүмкін.

Дегенмен бұл норма жуырда өзгермек. Конституциялық сот биылғы 16 сәуірде Кодекстің 65-бабын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Өйткені онда ата-анасы белгісіз немесе ерекше жағдайға түскен азаматтар үшін өзге мүмкіндіктер қарастырылмаған. Үкіметке осы олқылықты жою үшін 2025 жылдың қазанына дейін жаңа заң жобасын енгізу тапсырылды.

Конституциялық сот түсіндіргендей, ұлттық сәйкестік – адамның тек тегімен емес, өзін-өзі тануымен де анықталады. Бұл – отбасы мен туыстық байланыстар, тәрбие алған ортасы, мәдени ықпал, тіпті жеке көзқарастарға байланысты қалыптасатын құбылыс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 2
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары