15.09.2025, 11:30

Үш күнде ақшаңызды қайтарасыз: Қазақстанда алаяқтарға кеткен қаражат қайтару жүйесі жеңілдетілді

Фото: gov.kz

Жұмыс барысында заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасын көтердік.

Ұлттық антифрод-орталығының департамент директоры Айнұр Ізмайылованың айтуынша, былтыр шілдеден бері түрлі алаяқтық схемалар арқылы жіберілмек болған 3 млрд теңге тоқтатылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жұмыс барысында заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасын көтердік. Себебі қаражатты алушы тарапта уақытша бұғаттағанмен, оны жәбірленушіге қайтару үшін сот шешімі қажет болатын. Ал бұл өте ұзақ уақыт алатыны белгілі. Ұлттық банк пен құқық қорғау органдарының қолдауымен әзірленген түзетулер қабылданып, 30 тамыздан бастап күшіне енді», – деді ол.

Енді орталық ақшаны қайтару процесін жолға қоя бастады.

«Алдағы уақытта қаражат сотсыз-ақ қайтарылады. Бұдан былай прокурордың санкциясымен қайтару рәсімі іске асады. Яғни тергеуші қаулы шығарады, себептерін көрсетеді, прокурор келісім береді – бұл бір-екі күн ішінде жасалады. Кейін банк бір күн ішінде операцияны орындайды. Осылайша, процесс әлдеқайда жеңілдеп, азаматтар ақшаларын тезірек қайтара алады», – деп түсіндірді А. Ізмайылова.

Бұған дейін Ұлттық банк алаяқтық белгілері бар транзакциялар бойынша бұғатталған қаражатты қайтару тетігін жеңілдететін заңнамалық түзетулер әзірлегені хабарланған еді.