15.09.2025, 11:40

Қазан айында қазақстандықтар қанша күн демалады

Фото: pixabay

Күздің екінші айында ұлттық мереке – Республика күні аталып өтеді.

Қазан айында бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететін қазақстандықтар тоғыз күн демалады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Күздің екінші айында ұлттық мереке – Республика күні аталып өтеді. Ол 25 қазанда тойланады. Биыл бұл күн сенбіге сәйкес келіп тұр, сондықтан қосымша демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша бес күндік жұмыс режиміндегі қазақстандықтар үш күн қатарынан – 25, 26 және 27 қазанда демалады.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланған еді.

Республика күні 1995 жылдың қазан айында ұлттық мереке ретінде бекітілді, алайда 2009 жылдан бастап аталып өтпей қалды. 2022 жылдың қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес, 25 қазан қайтадан ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді.