15.09.2025, 11:00

«Ауылда қазақша сөйлеп жүрген неміс те – қазақ»: тарихшы «ұлт» ұғымын түсіндірді (ВИДЕО)

Сонымен қатар, тарихшы Сталиннің "ұлт" ұғымына берген түсініктемесін жоққа шығарып, "ұлт" болып аталудың негізгі идеясының өзгешелігін айтты.

Жүзге кірмейтін рулар қайсы? Олар тарихи тізбектен ажырап қалды ма? Қазақ боламын деген этностарды қалайша қазақ қыламыз? Қоңыраттың мықтылығы неде? Төрелер қазір қайда? Qasqa Jol You Tube арнасының кезекті шығарылымы осы сұрақтарға жауап алуға тырысты. Профессор, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев қазақта ежелден қалыптасқан институты "баталасу" туралы айтып, ұлт пен этностың айырмашылығын түсіндірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, баталасу инстутиты ежелден, қазақ – қазақ болғалы бар дүние.

"Қазақ осылай құрылған. 15 ғас. ортасында үлкен алып Алтын Орда империя ыдырады. Жүздеген ру далада сенделіп бос қалып қойды. Әр рудың жеке тарихы бар, бірақ басы қосылу керек, әйтпесе жем болады. Ол кезде де жау көп жан-жақта. Ұлытау мен Түркістанның ортасында Таңбалы деген қасиетті жер бар. Ерте заманнан бастап сол жерге рулар таңбаларын салады екен сол жерге, ант береді екен. Таңбалыда 500-дей таңба тұр ғой. Яғни, 500-дей рубасы жиналған болу керек сол жерге. Анттасып, баталасып, ел болғанбыз ғой. Сәтбаев, Марғұлан Таңбалы жер жөнінде «қазақтың ту көтерген жері, баталасқан жері» деп айтып кеткен. Үш жүз боламыз, бірақ түбіміз бір. Атамыз – Алаш, ұлтымыз – қазақ. «Алаш деген ұранға қосылмағанды, әкең болса да ұрып жық». Ұлт болу үшін, әкеңді де аяма деген сөз ғой. Тікелей туысқандық қана емес, ұлт қана бар", - деп түсіндірді ол. 

Сонымен қатар, тарихшы Сталиннің "ұлт" ұғымына берген түсініктемесін жоққа шығарып, "ұлт" болып аталудың негізгі идеясының өзгешелігін айтты.

"Бізде мемлекет бар, билік бар, қоғам бар. Мен баталасу арқылы бірігуді қабылдай аламын. Ал билік қалай қабылдайды, ол өз позициясын анықтаған жоқ. Мен Ассамблея арқылы да бірнеше ұсыныс түсірдім. Қазақстанда шындығын айтқанда осы мәселелермен айналысатын этнограф жоқ. Қоғам өз әрекетін жасай береді, ал билік әлі күтіп отыр. Бейтарап, бақылаушы есебінде қала бере ме, оны білмеймін. Ал бұл процесс (ред. баталасу) қоғамда жұмыс істеп жатыр. Совет заманында этнос пен ұлтқа бір ғана анықтама берілді, ол Сталиннің анықтамасы. «Бір территория тұратын, бір тілде сөйлейтін, психологиялық ерекшелігі бір, бір мәдениетке топтасқан адамдарды – ұлт деп атаймыз» деді. Ал шын мәнінде бұл этностың анықтамасы. Ал, этносқа қарағанда ұлт күрделі ұғым. Ал ұлтқа бұл түсініктеме аса қажет емес. Ұлтқа – ұлттық идея қажет. Ұлттық идея төңірегінде топтасу керек. Ауылдағы қазақша сөйлеп жүрген немістің, орыстың баласы ол «бұл менің Қазақстаным, мынау менің туым, мынау елтаңбам» деп тұрса, ол – қазақ», - дейді тарихшы.