14.09.2025, 15:30

Алматы – Өскемен тасжолындағы апаттан 10 адам қаза тапты

Фото: видео скриншот

Жетісу облысында үш көлік соғылып, салдарынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Полиция мәліметінше жол апаты 14 қыркүйек күні шамамен сағат 01:30-да Алматы – Өскемен автожолының 479-шы шақырымында, Алакөл ауданы Көлбай ауылының маңында болған. 

“Алдын ала мәліметтер бойынша, Nissan Cefiro маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, ВАЗ-2114 және Chevrolet Cobalt көліктерімен жанама соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында 10 адам қаза тапты, тағы бір жолаушы түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде”, – делінген хабарламада. 

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырады. Өйткені жол ережесінің болмашы ғана бұзылуы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.