14.09.2025, 04:30

«Қол қоймағаны үшін соққыға жықты»: Жаркентте қаза тапқан капитанның әкесі шындықты айтты (ВИДЕО)

26 жастағы Дархан Дәулет азапталып өлтірілгені белгілі болған еді.

Жаркент гарнизонында 2024 жылдың қарашасында қаза тапқан капитан Дархан Дәулеттің әкесі ұлының өліміне қатысты өз шындығын Qazaq Airan арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Оның айтуынша, ұлы әскери саладағы заңсыздықтарға қарсы шыққаны үшін мерт болған. 26 жастағы Дархан Дәулет Құрлық әскерлерінің әскери институтын қызыл дипломмен тәмамдап, Отардағы әскери бөлімде бес жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке ауысып, инженерлік қызметтің бастығы болып тағайындалған.

Әкесі Нұрлан Мақаевтың айтуынша, ұлы әскери техникаға қатысты жанар-жағармай, қару-жарақ пен басқа да бұйымдарды «жойылды» деп рәсімдеуге келісім бермеген.

«Сол құжатқа қол қоймағаны үшін оны нысанада күтіп алып, бірнеше адам жабылып соққыға жыққан. Басынан темірмен ұрып, қол-аяғын байлап, далаға тастаған. Ұлымды қорлап өлтірген», – дейді ол.

Марқұмның әкесі сот процесінің әділ өтпегеніне де наразы. Оның айтуынша, оқиғаға куә болғандардың көбі «ештеңе көрмедік» деп жауап берсе, тек бірнеше сарбаз шындықты айтқан. Қылмыстық іс бойынша 1988 жылы туған майор Дархан Қазтай 15 жылға сотталды. Сонымен қатар 19–20 жастағы үш сарбаз – Бақберген Рустамұлы мен Аят Шакир 12 жылға, Нұрман Әбсадық 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда Нұрлан Мақаев үкім тым жеңіл болғанын айтып, айыптылардың бәріне кемінде 20 жыл жаза берілуі тиіс еді деп санайды.

«Ұлым бүкіл өмірін әскери қызметке арнады. Елге адал боламын деп жүріп, жазықсыз қаза тапты. Мұндай тәртіпсіздік пен бейберекетсіздік болса, ертең тағы қанша офицердің өмірі қиылады?» – дейді шерлі әке.