12.09.2025, 17:40

Маңғыстаудағы жол апаты: Тірі қалған жолаушылардың жағдайы белгілі болды

Фото: видеодан скриншот

Бұл туралы Маңғыстау облысының денсаулық сауқтау басқармасы мәлімдеді. 

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апаттан кейін үш жолаушы жарақаттарымен Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

1964 жылы туған ер адам мен 1967 жылы туған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр деп бағалануда. 12 қыркүйек күні жансақтауда жатқан екі науқастың біреуі санитарлық авиация арқылы Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Ал екінші науқастың жағдайы тұрақталып, ол жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырылды, – деп хабарлады ведомство.

Бұдан бөлек, 1960 жылы туған әйел сол аурухананың травматология бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тұрақты-ауыр, тиісті ем қабылдап жатыр. Қосымша ақпарат кейінірек берілетін болады.

Еске сала кетейік, қайғылы жол апаты 11 қыркүйекте Қарақия ауданы Сенек ауылынан 90 шақырым жерде болған. Toyota Hiace шағын автобусы жол жиегіне шығып кетіп, аударылып түскен. Оқиға орнында сегіз адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. 

Кейін белгілі болғандай, шағын автобустың барлық жолаушылары Бекет-Ата әулие кесенесіне зиярат етуге бара жатқан қазақстандықтар болған. Барлығы – еліміздің әртүрлі өңірлерінен шыққан азаматтар. 

Сондай-ақ, ІІМ қаза тапқандардың туыстарын Маңғыстау облысына жеткізу үшін арнайы борт жіберді. 

Қазіргі таңда жүргізуші мен тағы екі жолаушы түрлі жарақатпен ауруханада жатыр.