11.09.2025, 14:00

Шымкентте 1 жасар бала ет тартқышпен ойнап, қолынан айырылды

Фото: Pixabay

Оқиға баланың ата-анасы үйінде банка жауып жатқан сәтте болған. 

Шымкентте қолын еттартқышқа тығып алған 1 жасар балаға ота жасалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға 7 қыркүйек күні болған. Ес-түссіз күйде, көп қан жоғалтқан бала облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген. 

Оқиға баланың ата-анасы үйінде банка жауып жатқан сәтте болған. Бала қолын еттартқышқа тығып алып, қысылып қалған. Ес-түссіз түскен науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, шұғыл түрде ота жасалды. Еттартқыш төменгі білезікке дейін қолын жаншып тастаған. Саусақтары мен алақан сүйектері түгел жарақаттанған. Қолды сақтап қалу мүмкін болмады, себебі ол еттартқышта тек терісімен ғана ілініп тұрды, – дейді дәрігер-травматолог Ержан Шәріпов.

Дәрігерлердің мәліметінше, бала жансақтау бөлімінен шығарылған. Қазіргі жағдайы – орташа ауыр. Ота кезінде дәрігерлер оның оң қолын білегіне дейін кесуге мәжбүр болған. Баланы құтқаруға ТЖМ мамандары да атсалысқан.

Медицина мекемесінен 112 құтқару қызметіне қоңырау түсті. Бір жарым жасар баланың қолы электр еттартқышқа қысылып қалғаны хабарланды. Дәрігерлер өз күштерімен босата алмаған соң, құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Дәрігерлермен бірлесіп жүргізілген операция кезінде балаға наркоз берілді. Содан кейін құтқарушылар арнайы құралдармен еттартқыштың корпусын кесіп, баланың қолын босатты, – делінген ТЖМ хабарламасында.