21.08.2025, 13:30

Риддерде полицей мотоцикл жүргізушісін тоқтатамын деп қағып кетті (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Полицейдің өзі де жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Риддер қаласында полицей қызметтік көлікпен мотоцикл айдаушыны қағып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Екінші ауданға қарай түсер тұста ол қарсы жолаққа шығып, тұтас сызықты қиып өтіп, үш мотоциклшінің бірін қағып кеткен.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік автокөліктің жылдамдығы жоғары болмаған, мотоцикл жүргізушісі зардап шекпеген.

16 тамыз күні Риддер қаласында учаскелік инспектор қызметтік көлікті басқара отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзған мотоцикл айдаушыларды тоқтатпақ болды. Алайда басқаруды игере алмай, олардың біреуімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті. 

Мотоцикл жүргізушілері көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарған және маневр жасау ережелерін бұзған. Оларға шара қолданылды.

Полицейдің өзі де жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оның іс-әрекетінің заңдылығы мен негізділігіне баға беру үшін қызметтік тексеріс тағайындалды.