"Маған оқиға болғаннан кейін жарты сағат өткен соң ғана хабарласты".
Қызылордада бала жеке балабақшада ауыр күйік алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қызылордада 22 мамыр күні «Сыр болашағы» жеке балабақшасында 2 жасар Еркежан есімді қыздың ауыр күйік алуына байланысты тергеу жалғасуда.
Ата-анасының айтуынша, баланың денесінің 30%-на дейін зақым келіп, ол жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған күйіктік шок диагнозын қойып, 5 рет наркоз жасауға мәжбүр болған.
Қыздың анасы Айгүл Айдарбекованың сөзіне қарағанда, балабақша қызметкерлері жедел жәрдемді бірден шақырмаған:
«Маған оқиға болғаннан кейін жарты сағат өткен соң ғана хабарласты. Ал жедел жәрдем тек 16:22-де шақырылған», – дейді ол.
Оқиға кезінде балабақшада медициналық қызметкер болмаған.
Осы жағдайдан кейін мекемеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқиға орын алған раковиналарды қоса алғанда, сантехникалық құрылғылар ауыстырылған. Алайда, бүлдіршіннің ата-анасы бейнебақылау камерасындағы жазбаларды көруге мүмкіндік берілмегенін айтады.
Қазіргі таңда отбасы объективті тергеу жүргізуді, кінәлілерді жауапқа тартуды және мұндай жағдайдың қайталанбауына шара қабылдауды талап етуде.