05.08.2025, 18:20

Ақтау хаосқа батты: әкім Байпақов, жағдайды қашан қолға аласыз?

Фото: lada.kz

Көшелерде жалаңаш ер адамдардың жүруі де қалыпты жағдайға айналғандай.

Ақтауда қоғамдық тәртіп пен қаланың жалпы жағдайына қатысты тұрғындардың наразылығы күшейіп барады. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдар мен фотосуреттер қаладағы ахуалдың күрделі екенін айқын көрсетеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Куәгерлердің айтуынша, кішкентай балалар қала орталығындағы набережнаяда, дәретхана жанындағы кафель еденде ұйықтауға мәжбүр. Ал билет сататын кассада мас күйдегі қызметкер еш кедергісіз жұмыс істеп отыр.

Көшелерде жалаңаш ер адамдардың жүруі де қалыпты жағдайға айналғандай. 20 шілде күні 11 қабатты үйдің шатырынан жалаңаш ер адамның құлауы қайғылы оқиғаға ұласты.

Бұған қоса, тұрғындар жасөспірімдер арасындағы төбелестер, түнгі уақытта белең алған есірткі саудасы мен қылмыстарға алаңдаулы. Бұл жағдайлар көбіне тұрғын үйлер маңында орын алуда. «Патрульдер қайда? Алдын алу жұмысы неге жүргізілмейді?» – деп сұрайды қала тұрғындары.

Сонымен қатар, Ақтаудың сәулеттік келбеті де сынға ұшырап отыр. Қаладағы құрылыс жүйесіз, дизайн-код сақталмаған, көркемдік талғам мен тәртіп байқалмайды. Көпшілік пікірінше, Ақтау қожайынсыз қалған қалаға ұқсайды.

Тұрғындар Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтан нақты әрекет күтеді. «Бұл – сіздің тікелей жауапкершілігіңіз. Егер тәртіп орната алмасаңыз, орныңызды босатыңыз», – дейді әлеуметтік желі қолданушылары.