Туыстары өмір бойғы жаза берілуін қалаған.
Қырғызстанның Ош облысы Өзгөн аудандық соты мектептегі кездесу кешінен кейін әйелі Айзирек Эралиеваны өлтірген күйеуін 18 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Соттың 2025 жылғы 31 шілдедегі үкіміне сәйкес, айыпталушы А.Б.К. мына баптар бойынша кінәлі деп танылды:
• Қылмыстық кодекстің 122-бабы 2-бөлімі, 3-тармағы: "Қорғансыз күйдегі адамды өлтіру"; • 267-бап 1-бөлім: "Қаруды, оқ-дәріні заңсыз айналымға шығару"; • 267-бап 2-бөлім: "Атылатын қаруды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және алып жүру".
Сот шешімі бойынша, тағайындалған жазалар толық қосылып, сотталушы 18 жылға түрмеге қамалып, 100 мың сом айыппұл төлеуге міндеттелді.
Еске сала кетейік, марқұм Айзирек Ералиева – Қара-Күлджа ауданының 38 жастағы тұрғыны. Оны 2024 жылғы 26 мамырда өз күйеуі атып өлтірген. Сол күні ерлі-зайыптылар мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған кешке қатысқан.
Жақындарының айтуынша, кештен кейін күйеуі әйелін алдымен соққыға жығып, кейін ата бастаған.
Қаза тапқан әйелдің туыстары оқиғаға қатысты жүргізілген тергеу барысына наразылық білдіріп, іске өзгертілген мәліметтер қосылғанын айтқан.
Айыпталушы жағдайды мүлде басқаша баяндады, өзіне жеңілдік жасау үшін. Ол бұл – байқаусызда болған оқиға деді. Бірақ олай емес, – деді марқұмның әпкесі Миргүл Токтоназарова.
Туыстары бастапқыда айыпталушы жазадан оңай құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенген еді. Олар қылмыскерге өмір бойғы жаза берілуін қалаған.