Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарова ашық мәлімдеді.
Ер адамдардың жауапсыз жыныстық қатынастары мен медициналық сауатсыздығы әйелдердің бедеулікке ұшырауына себеп болып жатыр. Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарова ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, бүгінде бедеулік мәселесі тек әйелдерге ғана артылып келеді. Алайда, шын мәнінде, көптеген әйелдердің денсаулығына ер азаматтардың жеңіл жүрісті өмір салты тікелей әсер етуде.
«Жыныстық жолмен жұғатын инфекцияларды уақытылы емдемей, оны бірнеше әйелге таратып жүрген ер адамдар бар. Соның салдарынан әйелдер бедеулікке ұшырап, болашақ аналық мүмкіндігінен айырылып жатыр. Бірақ бұл туралы ашық айтылмайды. Қоғам әлі күнге дейін кінәні тек әйелге артып келеді», – дейді профессор.
Сарапшының сөзінше, мұндай жағдайлар көбіне дер кезінде емделмеген инфекциялармен байланысты. Ал олардың салдары – жатыр түтікшелерінің бітелуі, созылмалы қабыну, тіпті аналық бездердің зақымдануына дейін апарады.
Профессор Байқошқарова ерлерді жауапкершілікке шақырып, жыныстық тәрбие мен медициналық тексерістің маңызын қоғам деңгейінде көтеру қажеттігін баса айтты.
«Әйел бедеу болса, бәрі соны кінәлайды. Ал ер адам тексерілмейді де. Бұл – қалыптасқан қате түсінік. Егер біз шын мәнінде ұлттың денсаулығын ойласақ, бұл мәселеде екі тарап та бірдей жауапты болуы тиіс», – деді маман.
Маман бұл тақырыпты ашық көтеру арқылы қоғамдағы үнсіз шындықты айтқысы келгенін жеткізді. Оның пікірінше, отбасын жоспарлау мен репродуктивті денсаулыққа немқұрайлы қарау – болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер етеді.