Такси жүргізушісі жауапқа тартылды.
Шымкент қаласының полицейлері АҚШ журналисі Хоуп Лаудонның шағымынан кейін такси жүргізушісін тауып, әкімшілік жаза қолданды. Жәбірленуші әлеуметтік желілерде жүргізушінің әдепсіз ұсыныстар жасағанын және өзін жайсыз сезінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Хоуп Лаудонның үндеуін «НеМолчи» қоры жариялады. Онда журналист Қазақстанда жүрген кезінде «сексуалдық сипаттағы зорлық көрдім» деп мәлімдеген.
Лаудонның айтуынша, ол Қазақстан арқылы Ташкентке бұрынғы курстасын көруге бет алған. Алайда Өзбекстанның электронды визасын рәсімдеу мүмкін болмай, Алматы–Ташкент пойызынан түсіріліп, кері қайтарылған.
Журналисті Сарыағашта түсіріп кеткен. Ол жерде Хоуп байланыссыз және қолма-қол ақшасыз жалғыз қалған. Оған жергілікті жасөспірім көмектесіп, үш мың теңге беріп, InDrive қосымшасы арқылы такси шақырып берген.
«Егер жасөспірім мені көмекті қажет ететін шетелдік ретінде көрсе, жүргізуші менің осалдығымды пайдалануға тырысты. Сапар басталған сәттен-ақ өзімді қауіпте сезіндім, бірақ көліктен түсіп кетуге мүмкіндік болмады – басқа транспорт та жоқ еді», – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, таксист өзін бастапқыдан күмәнді ұстаған: сағатына 140 шақырым жылдамдықпен айдап, межелі жер алыс деген сылтаумен қосымша ақы талап етіп, күмәнді қоңыраулар шалып отырған.
«Шымкентке жеткенде жүргізуші “алдымен басқа жерге соғуым керек” деді. Меніңше, ол мені қаладан тыс жерге апарып, зорламақ болды. Мен оған қаладан шықпауымды талап еттім. Сол сәтте хостелдің жанынан өтіп бара жаттық, мен “осы жерде түсірем” дедім. Осы әрекетім мені құтқарды деп ойлаймын. Әйтпесе не боларын елестетудің өзі қорқынышты», – деді Хоуп Лаудон.
Ол жүргізушіге ақы төлеген кезде таксист оны «интимді жерінен ұстаған». Журналист қарсы шығып, айқай салғаннан кейін ғана ер адам тоқтаған.
Хоуп көліктен түсіп, заттарын алып, сол жерден кетіп қалған.
«Мен Қазақстан мен Өзбекстанда жақсы адамдардың көп екенін білемін. Бірақ бұл елдерде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың әлі де жиі кездесетінін жоққа шығармайды. Туристер үшін байланыс, банкоматтар мен жергілікті халықтың көмегі өте маңызды. Бір жасөспірім маған көмектескеніне қуанып жүрсе, жүргізуші мені қорлауға және, мүмкін, зорлауға қуанды. Бұл – өте қайғылы жағдай», – деді америкалық журналист.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы анықталып, түсініктеме алынғанын айтты.
«Такси жүргізушісі ұсақ бұзақылық және жол жүру ережесін бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетел азаматына барлық қажетті көмек көрсетілді, оның ішінде көші-қон қызметі тарапынан да», – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 2024 жылы Алматыда таксист Үндістаннан келген туристен 30 мың теңге алып кеткені белгілі болған еді. Жарияланған материалдан кейін полицейлер оны да ұстаған болатын.