Балаға екі рет ота жасалып, басына тігіс салынған.
Алматыдағы «Family парк» аттракционында 11 жастағы қыз бала ми шайқалып, жабық бас-ми жарақатын алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға 5 шілдеде болған. Қыздың анасы — заңгер Мәдина Аскенованың айтуынша, баланы «Вальс» аттракционында кабина қозғалысқа кенет түскен сәтте ұстай алмай қалған. Салдарынан қыз темірге соғылып, шұңқырға құлап түскен. Балаға екі рет ота жасалып, басына тігіс салынған. Ал парк әкімшілігі осы күнге дейін бір рет те хабарласпаған.
Анасының айтуынша, бұл жағдайды жария етуге бір айдан соң ғана мүмкіндігі болған — осы уақыт бойы қызын аман алып қалумен айналысқан. Оқиғаға қатысты Әуезов аудандық полиция басқармасы ҚК 306-бабы 2-бөлігі бойынша (балаларға арналса да, қауіпсіздік талаптарына сай емес қызмет көрсету) қылмыстық іс қозғады. Бірақ сараптама оқиғадан бір ай өткен соң ғана тағайындалған. Бұл — дәлелдемелердің сапасына күмән туғызуда.
Іс Сенат депутаты Жанна Асанованың жеке бақылауына алынды. Ол бұл — жүйелі проблема екенін айтып, жауапкершілік мәселесі заңмен нақты реттелмегенін мәлімдеді.
«Қауіпсіздік жоқ, бақылау жоқ – баланың өміріне кім жауап береді?» – дейді жұрт.