Салонда Рахмоноваға қоса оның 2022 жылы туған ұлы мен екі құрбысы болған.
UFC ұйымында өнер көрсететін танымал қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Жамбыл облысында ауыр жол апатына ұшырады. Апат салдарынан екі адам қаза тапты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Оқиға Мойынқұм ауданына қарасты Ақсуйек ауылы маңында, Алматы – Екатеринбург автожолының 296-шақырымында орын алды. Көлік тізгінінде Гүлайым Рахмонова болған. Ол Қарағандыдан Алматыға қарай келе жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser маркалы жол талғамайтын көлік аударылып кеткен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Салонда Рахмоноваға қоса оның 2022 жылы туған ұлы мен екі құрбысы болған. Апат салдарынан 39 жастағы З.А. оқиға орнында қаза тапты. Ал 35 жастағы А.С. Мойынқұм аудандық ауруханасына жеткізіліп бара жатқанда көз жұмған. Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Медициналық мекеме өкілдері науқастар операцияны қажет етпейтінін, алайда динамикалық бақылау жүргізіліп жатқанын айтты. Аталған дерек бойынша екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.