Екеуі де оқиға орнында көз жұмды.
22 шілде күні Италияда қайғылы оқиға орын алды. Әуе апаты мен кейінгі жарылыс сәті бейнекамераларға түсіп қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Giornale di Brescia басылымының хабарлауынша, Promecc Freccia RG маркалы аса жеңіл ұшақты 75 жастағы адвокат басқарған, жанында 65 жастағы серігі болған. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Ұшақ жерге құлаған кезде оның сынықтары жеңіл көлік пен шағын жүк көлігін зақымдады. Сол көліктерде болған екі адам жеңіл жарақат алып аман қалды. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ «Пьяченца» аэроклубының ұшу-қону жолағынан көтеріліп, шамамен 65 шақырым ұшып өткен. Өрт сөндірілгеннен кейін ұшақтан тек жекелеген бөлшектер – фюзеляждың кей тұстары мен құйрық бөлігі ғана қалған. Қалған бөліктері көміртектен жасалғандықтан өртте жанып кеткен. Апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.