$ 544.87  639.02  6.88

Шетелдік діни оқу орындары жайлы шындық: Білім бе, қауіпке бастар жол ма?

Көптеген ата-аналар шетелдік оқу орындарында қандай мазмұндағы білім берілетінін тексермейді.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Соңғы жылдары кейбір жастар шетелдегі күмәнді діни оқу орындарына да бет бұрып жатыр. Бұл оқу орындары өздерін “ислам университеті” деп таныстырғанымен, көп жағдайда қандай да бір діни ағымның немесе сектаның ықпалындағы бейресми орталықтар болып шығады. Олар діни білім беруді желеу етіп, жастардың санасын улайды, радикалды идеологияны насихаттауы мүмкін.

"Қазіргі таңда кейбір жасөспірімдер Түркия, Египет, Пәкістан, Сауд Арабиясы сынды елдердегі діни оқу орындарына барып, радикалды көзқарасқа бет бұрып жатыр. Ондай орталықтардың кейбірі — Қазақстанда тыйым салынған ағым өкілдерімен байланысы бар. Бұл — ұлттық қауіпсіздікке де, жеке адамның тағдырына да қауіп төндіреді", — дейді дінтанушы Алмас Тұрсынұлы.

Білім саласындағы сарапшы, профессор Нұрлан Сыдықовтың айтуынша:

"Кейбір оқу орындары студенттерді тек діни мәтіндерді жаттауға бейімдеп, сын тұрғысынан ойлау қабілетін мүлде дамытпайды. Бұл — болашақта оларды қоғамнан бөліп, бір идеологияның құрбаны етуге алып келеді. Сондықтан таңдау жасағанда тек атауына емес, мазмұнына қарау қажет".

Көптеген ата-аналар “балам діни білім алады” деп қуанып жатады, алайда олар қандай мазмұндағы білім берілетінін тексермейді. Нәтижесінде, бала өз мәдениетін, ұлттық құндылықтарын жоққа шығарып, жат идеологияның жетегінде кетуі мүмкін.

Сонымен қатар, күмәнді оқу орындарының тағы бір “артықшылығы” — қаржылық қолжетімділігі. Олар тегін оқу, тегін жатақхана, кейде стипендия ұсынып, ата-ананы да сендіреді. Бірақ ол оқу орнының қандай бағыт ұстанатыны, студентке не үйрететіні көп жағдайда ашық айтылмайды. Мысалы, Қазақстанда уахабизм, тәкфиризм, такфиршіл ағым өкілдері заңмен қудаланатынына қарамастан, кейбір жастар осы бағыттағы шетелдік “медреселерде” білім алып келіп, өз таныстары арасында радикалды идеяларды тарата бастаған.

Сенімді діни оқу орындары:

• Әл-Азһар университеті (Египет, Каир) — әлемдегі ең көне әрі беделді ислам университеті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мойындайтын оқу орны.

• Медине Ислам университеті (Сауд Арабиясы) — ірі діни орталықтардың бірі. Алайда, онда оқу үшін арнайы сынақтар мен іріктеулерден өту керек.

 • Анкара, Ыстамбұлдағы ресми теологиялық факультеттер (Түркия) — Түркияның мемлекеттік оқу орындары ҚМДБ-мен келісілген бағдарламалар бойынша білім береді.

Қазақстанда:

 • «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Алматыда,

• 9 ресми медресе‑колледж (Сарыағаш, Астана, Шымкент, Әбу Ханифа т.б.) бар.

Бұл оқу орындарында жыл сайын мыңдаған студент дәріс алады және дипломы Қазақстанда мойындала­ды .

Күмәнді оқу орындары мен орталықтар:

• Жеке медресе атауын жамылған, нақты лицензиясы жоқ шағын орталықтар; • Сирия мен Иракта болған немесе сол аймақтардан әсер алған радикалды ағымдармен байланысы бар мекемелер;

• “Ислам университеті” деген атауы болғанымен, нақты елдің білім беру министрлігі мойындамаған орындар.

Күмәнді діни оқу орындарының салдары қандай?

Мұндай оқу орындарында оқыған жастар тек білімсіз емес, санасы уланған күйде оралуы мүмкін.

Олардың арасында:

• Радикалды діни көзқарасты қабылдап, отбасымен, қоғаммен байланысын үзу;

• Жат идеологияны насихаттау;

• Қылмыстық топтардың ықпалына түсу;

• Қазақстанда мойындалмайтын “куәлікпен” елге қайтып келу;

• Жұмыс таба алмау, діни басқарма құрылымында қызмет ету мүмкіндігінің болмауы секілді мәселелер жиі кездеседі.

ҚМДБ не дейді?

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді.

 Мүфтияттың мәліметінше:

"Жыл сайын 200-ге жуық жас шетелге діни білім алуға кетеді. Оның ішінде 30-40%-ы күмәнді, бейресми оқу орындарын таңдайды. Бұл — өте алаңдатарлық дерек. Біз ата-аналарды, жастарды тек ресми жолмен жіберуге кеңес береміз. Діни білім — жеңіл-желпі дүние емес. Ол иманды емес, адам тағдырын қалыптастырады", — дейді ҚМДБ діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғарұлы

Ал Бас мүфтиНаурызбай қажы Тағанұлы:

"Діни білім алу – үлкен жауапкершілік. Біз жастарымызды ҚМДБ-мен бірлескен, сенімді оқу орындарына ғана жіберуге кеңес береміз. Қазіргі таңда Египеттегі Әл-Азхар университетімен тығыз байланыс орнатылған. Бұл – ресми, беделді, дәстүрлі исламды ұстанатын оқу орны. Ал Йемен, Пәкістан, Сириядағы жерасты мектептері – қауіпті. Олардан шыққандардың біразы елімізде тыйым салынған ағымдарға бет бұрып жатыр", - деп мәлімдеді. 

Мамандар мен дінтанушылар төмендегі ұсыныстарды береді:

1. ҚМДБ-дан кеңес алыңыз.

Діни білімге қызығушылық білдірген жастар міндетті түрде ҚМДБ-ның арнайы бағдарламалары мен ұсынылған оқу орындар тізімімен танысуы керек.

2. Оқу орнының лицензиясы мен танылғандығын тексеріңіз. Қай елде орналасса да, ол оқу орнын сол елдің білім министрлігі мойындауы тиіс.

3. Жалған уәде беретін агенттіктерге сенбеңіз. Әсіресе “1 жылда имам боласың”, “тегін оқуға апарамыз” деген ұсыныстар — көбіне жалған.

 4. Діни білімді ең алдымен Қазақстанда алыңыз. Ресми медресе-колледждер мен университеттерде алғашқы білім алғаннан кейін ғана шетелде оқу қарастырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 3
Күлкілі 2
Ашулы 2

Серіктес жаңалықтары