Бұл мен үшін өмір бойы есте қалатын сыйлық болды.
Әлеуметтік желіде шайпұл ретінде 1 000 000 теңге алған даяшы қыздың эмоциясы көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дәмханада жұмыс істеп жүрген бойжеткенге келушілердің бірі миллион теңге көлемінде шайпұл қалдырған. Тосынсыйды көрген даяшы қыз қуаныштан жылап қалды.
Жомарттық танытқан азамат блогер Бақытбай Сабырбек екені белгілі болды.
«Эмоция сыйлағым келді. Жақсылық қайтып келеді», - деп жазды ол.
Желі қолданушыларының бірі бұл әрекетті жомарттық деп бағаласа, бірі жақсылықты жария етпей, үнсіз жасау керек деп жазды.
Күтпеген ақшалай сыйлық алған қыз өз парақшасында алғысын білдірді.
«Ақшаның бір бөлігін керегіме жұмсадым, қалғанын шетел валютасына айырбастап, болашаққа сақтап қойдым. Бұл мен үшін өмір бойы есте қалатын сыйлық болды», – деп жазды ол.