23.06.2025, 00:30

Air Astana Дубайға ұшатын рейстерін тоқтатты

Фото: Pixabay.com

Қосымша рейстер тоқтатылатын болса, бұл туралы қосымша хабарланады.

Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына байланысты Air Astana әуе компаниясы 23 маусымға жоспарланған бірқатар халықаралық рейстің тоқтатылғанын хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеп. 

Air Astana-ның мына рейстері тоқтатылды:

KC191/192 – Атырау – Дубай – Атырау; KC205/206 – Астана – Дубай – Астана; KC897/898 – Алматы – Дубай – Алматы; KC655/656 – Астана – Доха – Астана.

Әуе компаниясы мәлімдегендей, тоқтатылған рейстердің жолаушыларына мынадай мүмкіндіктер беріледі:

билеттерді тегін қайта брондау; немесе ақшасын толық қайтару.

«Компания жағдайды мұқият бақылап отыр. Қосымша рейстер тоқтатылатын болса, бұл туралы қосымша хабарланады», - деп мәлімдеді Air Astana баспасөз қызметі.

2025 жылғы 22 маусым күні күндіз ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс халықаралық жағдайды ушықтырып отыр

«АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы әскери әрекеттерінің нәтижесінде халықаралық ахуал күрт нашарлап, бұл біздің өңірде орналасқан елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін», — делінген министрлік мәлімдемесінде.

Қазақстан – Каспий маңы елдерінің бірі ретінде Иранмен әртүрлі салаларда ынтымақтастықты дамытып келеді.

«Біздің еліміз ядролық мәселелерді қоса алғанда, барлық келіспеушілікті БҰҰ Жарғысына сәйкес бейбіт келіссөздер арқылы шешуді қолдайды. Ядролық қаруды таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігін халықаралық бақылауда қамтамасыз ететін жаңа келісім әзірлеуге шақырамыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Тегтер: ұшақ Дубай