16.06.2025, 11:00

«Сотта жалған сөйледі деген күдігіміз бар»: Елжан Біртанов Бас прокуратураға өтініш жазғанын айтты

600 млрд теңгені үнемдеп қалатын жоба барын айтып жүрміз. 

Елжан Біртанов "Qasqa Jol" YouTube арнасында қонақта болып, 2020 жылғы іс бойынша Бас прокуратураға өтініш жазғандарын айтты, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұрынғы министрдің айтуынша, сол кездегі іс бойынша маңызды деталь анықталған. 

"Мамырдың 28-інде бұрынғы орынбасарым Олжас Әбіш Бас прокуратураға өтініш жазды. Іс басталғалы бес жыл өтті. Белгілі айыптаулар бойынша біз сотталдық. Олжас өз ісінің маманы. Қазіргі таңда жасанды интеллектпен айналысып жүр. Сол интернетке, Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына зерттеу жасап, біраз қызықты дүние тапты. Дәлірек айтсақ, біз жасап шығарған платформа жұмыс істемейді деп сол кезде сотқа тартылған едік. Алайда соттың алдында да, соттан кейін де министрліктің кей маманы оның ішінде Бейбіт Есенбаев мырза басқа IT компанияларға сол платформалармен жұмыс істеу бойынша тапсырма берген. Ол сол платформаға интеграция арқылы ақпарат жіберу. Есенбаев сотқа келіп интеграция жоқ, платформа жұмыс істемейді деп айтады. Бірақ басқа әріптестеріне сол платформа арқылы жұмыс істеуге тапсырма береді. Олжас техникалық маман ретінде егер платформа жұмыс істемесе компаниялар қалай оған ақпарат жібереді дейді. Бұл жерде сәйкессіздіктер бар. Сотта куә болған жиырма шақты комиссия мүшесі өз жауабында ешқандай қысымсыз платформаны қабылдауға тексерістен өткізіп өз еріктерімен қол қойғандарын айтты. Сонда тек Есенбаев платформа жұмыс істемейтінін, Әбішке ескертесем де қысыммен қол қойғызғанын айтты. Сот басқа жиырма шақты қатысушыға мән берген жоқ. Соңғы үкімді ашсаңыз, куәгер ретінде тек Есенбаевтың сөзін айтады. Солай бізге үкім кесті. Енді қазір өзі сол платформамен жұмыс істеуге тапсырма беріп жүр. Біздің ол сотта жалған сөйледі деген күдігіміз бар. Соны тексеруді сұрап отырмыз, басқа ештеңе емес. Бәрі заң бойынша", - деді ол. 

Елжан Біртанов медицина саласын цифрландыру мәселесін көтерді. Сөзінше, 600 млрд теңгені үнемдеп қалатын жоба бар екен. 

"Бес жылдан бері медицина саласы бойынша цифрландыру әлі де ілгері жылжыған жоқ. Тамара Дүйсенова өткен жылы жылдың аяғына дейін бұл мәселені шешуге уәде берген. 2025 жыл басталып кетсе де әлі ештеңе өзгерген жоқ. Бес жылдың ішінде қанша адам жүріп техникалық мәселені шеше алмай жүргені менің миыма сыймайды. Президенттің өзі денсаулық сақтау саласын цифрландыру маңызды екенін айтып жүр. Олжас Әбіш 600 млрд теңге ақшаны үнемдейтін жоба жасауға мүмкіндік барын айтуда. Алайда оны тыңдап жүрген ешкім жоқ. Қазіргі министр қанша білікті маман болса да, оның айналасындағылар өз міндетін дұрыс атқармай ма деген күдігім мен қорқынышым бар", - деп қосты Біртанов.