15.06.2025, 14:30

Иран күтпеген жерден соққыларды тоқтатуға және ядролық қарудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеді

Фото: cnn.com

Иран Тель-Авив республикаға қатысты әрі қарайғы агрессивті әрекеттерінен бас тартса Израильге қарсы соққыларын тоқтатуға дайын. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ТАСС-қа сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, Израильдің шабуылы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді бұзуға бағытталған. Арагчи АҚШ-тың Тель-Авив әрекеттерін қолдағанына өкініш білдіріп, Тегеран Вашингтонның бұл операцияға қатысы жоқ деген мәлімдемесіне сенбейтінін айтты.

Сонымен қатар, Иран елде ядролық қару болмайтынын ресми түрде кепілдендіретін келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.

Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалған шабуылдан кейін мәлімдеме жасаған. Ол АҚШ-тың аталған шабуылға қатысы жоқ екенін ерекше атап өтіп, егер Иран АҚШ-қа шабуыл жасайтын болса, бұрын-соңды болмаған әскери күшпен жауап беретінін ескертті.