06.06.2025, 00:30

«Жантүршігерлік апат»: Петропавлда екі көлік соқтығысып, төрт адам тірідей жанып кетті

Фото: видеодан алынды

Оқиға 5 маусым күні кешкі сағат жетілер шамасында болған.

Петропавлда ГАЗель мен жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Олардың біреуі жеті жасар бала, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Оқиға 5 маусым күні кешкі сағат жетілер шамасында болған. "Добрый путь" дәмханасының маңында ГАЗель мен Mercedes соқтығысып, төрт адам тірідей жанып кеткен. Қаза тапқандардың арасында жеті жасар қыз да бар. Жол апатынан тағы екі адам зардап шеккен.

"32 және 39 жастағы екі адам көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде болса, екіншісі травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр", – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында. 

 Қазір жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Куәгерлердің сөзінше, жеңіл көлік жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сол сәтте жүк көлігімен соқтығысқан. ГАЗельде әкесі мен жеті жасар қызы болған.