04.06.2025, 12:20

«Қазақтарды олай тәрбиелемеген»: Бибісара Асаубаеваның анасы қызын сынағандарға жауап берді

Фото: желіден алынды

Лиана Таңжарықова қызының ағылшын мен орыс тілінде еркін сөйлейтінін айтты.

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова қызын ақтап, халыққа үндеу жасады. Ол Бибісараның қазақ тілін білмейтінін айтып сынап жатқандарға жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Әлеуметтік желіде Бибісараның қазақ тілін білмеуіне қатысты хейт көп. Бибісара орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Қазақ тілін үйреніп жүр. Бибісара шахматтан елімсіздегі нөмір бірінші спортшы және ол интеллектуалды спорт түрінен Қазақстанды халықаралық аренада танытып жүр. Оның желідегі парақшасын көптеген елдің адамдары оқиды. Сонда сіздер қорлайтын, ашулы пікірлер жазғанда, қазақтарды дәл осындай ызақор ұлт ретінде көрсетуді қалайсыздар ма? Шын мәнінде қазақтар ондай емес, бізді олай тәрбиелемеген», – деді шахматшы қыздың анасы.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанып, 2021 жылы Азия чемпионы атанды. Сол жылы блиц шахматтан әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, осы  атақты иеленген ең жас шахматшы ретінде тарихқа енді.

Ал жақында ғана 21 жастағы дарынды спортшы Sharjah Masters 2025 супертурнирінде ерлер арасында гроссмейстер (GM) атағына қажетті үшінші норманы орындап, алғаш рет FIDE рейтингінде 2500 межеден асты.