Барлық басшыларға осындай ұжым тілеймін!
Жақында Димаш Құдайберген «Тау ішінде» әніне бейнебаян түсіріп, арнайы челлендж жариялаған еді. Күні кеше Алматыда өткен фан-кездесуде дәл осы байқаудың жеңімпазы анықталды. Челленджді жас түлектермен бірге «Тау ішінде» әнінің биін қайталаған ұстаз ұтып алды. Астана қаласы № 58 мектеп-гимназиясының директорына әншінің анасы өз қолымен «Golden Ticket» табыстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза бүгін сыйлығын алып Астанаға қайтты. Оны Астана әуежайында ұжымдастары тосын сыймен қарсы алып, қуаныш сыйлады.
Мектеп директоры мұндай сыйды күтпеген.
"Барлық басшыға осындай ұжым тілеймін. Астана қаласы Білім басқармасына қарасты 58 мектеп-гимназиясының ұжымы. 8 орынбасардың, 148 ұстаздың, 31 қызметкердің, 2181 оқушының, 4362 ата-ананың еңбегі деп білемін", - деп жазды ол.