Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген.
ҰҚК баспасөз қызметі халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын.
Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген. Биыл ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында ұстады. Биылдың 9 мамырында Анталья қаласының соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда.
Қазақстанның құзыретті органдары аталған адамды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының соты Т.Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.