Кадрлар 2024 жылғы 3 қазан күні сағат 23:00 шамасында түсірілген.
Талдықорғанда Шерзат Болаттың қазасына қатысты өтіп жатқан сот отырысында тергеу үшін маңызды делінген бейнежазбалар көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық портал.
Сотта қайғылы оқиға тіркелген «Қамажай» дүкенінің ішіндегі бақылау камераларынан алынған видеофрагменттер көрсетілді. Кадрлар 2024 жылғы 3 қазан күні сағат 23:00 шамасында түсірілген. Бейнежазбада дүкен маңында орын алған кикілжіңнің алғашқы сәттері, қатысушылардың әрекеттері мен оқиғаға кімнің қандай деңгейде қатысы барын анықтауға ықпал етуі мүмкін көріністер бар. Видеожазбалар сот процесінің маңызды дәлелдерінің бірі ретінде қаралып отыр. Бұған дейін не болған еді? Шерзат Болаттың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол 2024 жылы қазан айында “Қамажай” дүкені маңында болған жанжалдан кейін көз жұмған. Бұл іске байланысты Дархан Әскентай қамауға алынып, оған адам өліміне алып келген жанжалға қатысы бар деген айып тағылды.
Сот барысында:
• Дархан Әскентай алғашқы жауаптарында досына – Нұрболға хабарласқанын, ал жедел жәрдем шақыруға бірден әрекет етпегенін мойындаған. • Сотта ол тергеу кезінде қысым болғанын айтқанымен, нақты кімнен көргенін ашып айтпады.
• Әскентай өз кінәсін ішінара мойындап, “екі жақ та кінәлі” деген пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл – жазатайым болған жағдай. Сонымен қатар тараптар арасындағы кикілжіңге кімнің қандай рөл атқарғаны, жағдай қалай ушыққаны туралы сұрақтар да сотта әлі нақтыланып жатыр.