$ 516.16  584.86  6.25

Талдыкөлдің жағдайы Жеңіс Қасымбекті еш алаңдатар емес

Талдыкөл бүгін – Астананың «тірі сынақ алаңы».

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Талдыкөл – елорданың қақ ортасындағы көне көлдер жүйесі. Бірі – Үлкен, екіншісі – Кіші Талдыкөл. Соңғы жылдары, әсіресе Кіші Талдыкөлдің жағасында құрылыс күшейді, ал экология белсенділері «экожүйе құрдымға кетіп барады» деп дабыл қағып жатыр. Ал Астана әкімі не істерін білмей әлек. Себебі осы саладағы табиғатқа жаны ашитын шын мамандарды сабырға шақыра алмай, мәмілеге де келе алмай келеді. Есесіне құрылыс компанияларына жұмған аузын ашпай, бизнесін жүргізуге «көмектесіп» жатыр.
 

Елордадағы басты мәселе
Елорда тұрғындары биыл көктемнен бері Кіші Талдыкөл мен Үлкен Талдыкөл маңынан тараған шыбын-шіркейге шағымданумен келеді. Көлдің жағасындағы жаңа тұрғын үй кешендерінің (ЖК) аулаларында кешкісін демалу мұңға айналды. Адам терісіне үймелеген майда қансорғыштар көз аштырмайды, балалары сыртқа шығудан қорқып қалған. Эколог мамандар бұны бірінші кезекте көлдің табиғи гидрорежимінің бұзылуымен және үйіндінің үстіне тұрғызылған тығыз құрылыс алаңының көбейіп кетуімен байланыстырады. Батпаққа айналған учаскелер күн қызуымен қызып, шіріген органикалық қалдықтарда жәндік дернәсілдері жаппай көбейіп жатыр. Бірақ оларды улауға арнайы рейд те, билік тарапынан жүйелі мониторинг те байқалмайды. Жарайды, оны улады делік, бірақ бұның өзі табиғатқа зиян келтіру емес пе? Себебі Талдыкөлдің табиғи экожүйесі – біртұтас тіршілік. Ондағы аң-құстың көзін жоймақ түгілі, шыбын-шіркейді де өлтіруге болмайды. Өйткені бұлар – сондағы тіршіліктің көзі. Ең дұрысы, әкім Жеңіс Қасымбек құрылыстарды тоқтатып, ешбір компанияға рұқсат бермегені жөн еді. Бірақ оны «білімді» әкім түсіне қояр ма?..
 

Қауіпсіздік, қайдасың?
Әу баста Кіші Талдыкөл – астаналықтардың желден ық, ыстықтан сая іздейтін табиғи оазисі еді. Алайда соңғы төрт-бес жылда бұл аумақ инерт материалмен көміліп, орнына көп қабатты ғимараттар бой көтерді. Неше түрлі қоқыс пен батпақты баттастырып, зәулім үйлер тұрғызылды. Тиісті қорытындысыз берілген рұқсатнамалардың кесірінен көлдің су айнасы тарылды, ал жағалау түгелдей топырақ үйіндісіне айналды. Қала әкімдігі «экопарк саламыз» деген желеумен инвесторларға жол ашты, бірақ әзірше көзге түсетіні – абаттандырылған саябақ емес, крандарға толы құрылыс алаңы.
 

Табиғи жағдайды өрескел бұзу
Ресми органдар «Тұрғын үйлер салынған аймақ – техникалық су қоймасы еді, сондықтан саябақ жоспарлы түрде тұрғызылып жатыр» деуді доғарып келеді. Себебі жаңа геологиялық зерттеулер көл жүйесінің кемі 13 мың жыл бұрын қалыптасқанын көрсетіп берді. Бізге пікір берген сарапшы бұны растап отыр.

«Бұл жерде табиғи мәртебе бермей тұрып, құрылыс жалғаса берсе, қауіпсіздікке кепіл қандай?», – дейді тәуелсіз эколог.

Табиғатта тепе-теңдік өздігінен реттеледі: әрбір жәндікті жыртқыш құс, әрбір өсімдікті шөпқоректі жануар немесе бунақдене тежеп тұрады. Көл айдынын су қоймасы ретінде құрғату арқылы біз бұл тізбекті қолымызбен үзіп жатырмыз. Шыбын-шіркейдің дернәсілін азайтатын басты фактор – суға түсетін күн сәулесінің бұғатталуы әрі су бетінің тұрақты қозғалысы. Бұрын оны қамысты қамал мен су құстарынан көтерілетін толқын қамтамасыз ететін. Қуыстарды топырақпен толтырған соң қамыс селдіреді, су бетін желге тосқын қоймайды. Нәтижесінде күн сәулесі тікелей түседі, су қызады, дернәсілге «жұмақ» дайын. Бірақ мәселе – «дернәсілде» емес, қала әкімінің сауатсыздығында.
Мамандар Астананың жел бағыттарын модельдегенде, Талдыкөлді шоғырланып бітеген сайын шаң-тозаң мен шыбын-шіркейдің қаланың орталық аудандарына дейін ұшып жететінін байқаған. Демек бұл – комплексті проблема. Тек бір ықшам ауданды емес, бүкіл мегаполисті қамтиды.
 

Заң талаптары қайда қалды?
Қазақстанның «Су кодексінің» бабына сәйкес, табиғи су айдынын құрғату немесе көлемін өзгерту алдында кешенді экологиялық-инженерлік сараптама жасалуға тиіс еді. Сонымен қатар мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жоба болуы шарт. Ал Кіші Талдыкөл төңірегінде тұратын тұрғындар бірнеше рет ақпараттық сауал жолдап, «жобалық-сметалық құжаттаманы көрсетіңіздер» дегенде, қала әкімдігінің уәкілетті басқармасы тек жалпылама жауаппен құтылған. Ешқандай толық ЖСҚ, гидрогеологиялық карта жұртқа ұсынылмады. Ұсынылған күннің өзінде, оның шынайылыған күмән жетіп артылады.
 

Инвестор дыңпайдасы кімнің есебінен?
Құрылыс компаниялары көл түбінен шыққан топырақты қайда тасыды, инженерлік желілерді қалай су-газ-жылу жүйесіне қосты? Бұған нақты дерек аз. Белсенділер кейбір мердігер жұмысты субподрядқа бөліп, экологиялық мониторингті «қағаз жүзінде» ғана өткізгенін айтады. Бірақ әкімдік «тәуекелдерді инвестор көтереді» деген бір ауыз сөзбен ақталады. Ал болашақта үй шөгіп, қабырға жарылса, шығынды кім өтейді?
 

Кім жауап береді?
Қала картасында көркем пейзажды көл орнына қаптаған бетон мен тұрғын үйлер көбейсе, ол –табиғатқа жабайы көрқарастың анық белгісі. Мұндай жағдайда қоғамдық денсаулық пен қала беделіне төнетін қауіптің бағасын кім есептейді? Жергілікті бюджетке түсетін салығы үшін инвестордың көңілін табамыз деп, келешек ұрпақтың игілігін құрбан ету жөн бе?

Құрғақ статистикаға жүгінсек, Еуропа қалаларында су-батпақты алқаптар сатудан гөрі, оларды туристік-білім беру нысанына айналдыру экономикалық тұрғыдан екі-үш есе тиімді. Өйткені қаланың микроклиматы жақсарып, денсаулық шығыны азаяды, батыс Нидерланд тәжірибесінде көрдік.

Талдыкөл бүгін – Астананың «тірі сынақ алаңы». Егер әкімдік қалыптасқан экожүйені жай ғана «құрылыс алаңы» деп қарауды доғармаса, ертең бұл жерде бетон блоктарды тілгілейтін жер асты суы, қабырғасы жарылған үйлер және шыбын-шіркейге толы «сәнді» аудандар қалуы мүмкін. Жергілікті жұртшылықтың да, ғылыми қауымның да шыдамы таусылды. Ендігі сөз – жауапты билікте. Жеңіс Қасымбек шыбынның ызыңын емес, қаланың дабылын естуге тиіс еді. Бірақ оны түсінетін, халықтың мұң-мұқтажын еститін әкім қайда қазір?..
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 12
Күлкілі 2
Ашулы 43

Серіктес жаңалықтары