21.04.2025, 15:40

«Әйеліңе әке-шешеңе қызмет жасатқыза алмасаң, жігіттігің қайда қалды»: Мұхамеджан Тазабек жігіттерге кеңес айтты (ВИДЕО)

Фото: instagram

Ата-анаға жағдай жасау дегеніміз — ұлының мықты ел азаматы болуы, жақсы ақша табуы, ұялтпайын адам болуы. 

Мұхамеджан Тазабек жігіттер қауымына ақыл айтты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманының пікіріне жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

”Маған бір інішек әйеліме әке-шешеме қызмет жасатқыза алмасам, жігіттім қайда дейді. Мен сенің жігіттігің тек ғана әйеліңе қызмет жасату ғана ма дедім. Шын мықты намысқой, мықты болсаң үйіңе тамақ жасайтын бір адам, үйіңді тазалайтын біо адам тап. Әке-шешеңді азаннан кешке дейін үйде отырғызып қоймай, емдет, шипажайларға жібер, жағдайын жаса. Біз кейде ата-анаға жағдай жасау дегенді әйеліңді қинап, ата-анаңа тамақ істету деп түсінеміз. Бұл — өте тар түсінік. Ата-анаға жағдай жасау дегеніміз — ұлының мықты ел азаматы болуы, жақсы ақша табуы, ұялтпайын адам болуы. Біз кішкентай түсінікке кіріп алғанбыз. Әйелің томпаңдап ата-енесіне тамақ жасап, үйдің ішін бұрқыратып тазалап жатса, мен әке-шешемнің жағдайын жасадым дейді. Әке-шеше ол жұмысты сен, сенің әйелің болмасаң да жасап жүр. Әке-шешеңнің жағдайын жасағың келсе, кредитін жап, туысқандармен араласу үшін қалтасына ақша салып бер. Умраға апар, шетелге шығар. Күң немесе құл сатып алғандай әйеліңе тек соларға қызмет жасатып қою деген тар түсініктен кеңейіп шығуымыз керек. Ол — жігіттіктің өлшемі емес”, — дейді ол. 

Сондай-ақ, кейінгі кездері психолог ретінде танылып жүрген ақын өзінің отбасындағы бауырлары әке-шешелерінің жағдайын жасауға таласатынын да айтты.

”Мен де жігітпін. Әке-шешемнің үш ұлы бар. Біз әке-шешемізге қызмет жасауға таласамыз. Тойға барамыз десе, мен апарайын деп, Бурабайға, Меркіге, Умраға жіберейік деп таласамыз. Әйеліңді ұмыт, жігіт ретінде әке-шешеңнің жағдайын шешуге тырысу керек. Шеге алмай жатсаң, сабыр қыл. Әйеліңмен құр босқа ырылдасып, екеуінің ортасында өтірік намыс тауып алудың қажеті жоқ”, — дейді Мұхамеджан Тазабек.

Желі қолданушылары Мұхамеджан Тазабектің бұл ойына түрлі пікірлер жазуда. 

”Әке-шешеге қызмет неше түрлі болады. Бәрін ақшаға тіреп қоюға болмайды”, “Біздің қазақ жігіттері көру керек видео”, “Жұрттың бәрі тамақ жасайтын адам жалдай алмайды”, “ “Келін ата-енеге қызмет ету керек. Бәріміз қызметімізді жасадық, батамызды алдық. Одан жаман болған жоқпыз”, “Осы дүниені ел алдындағы ағалардың айтып жатқаны қуантады”, — деп жазды олар.