15.04.2025, 18:00

Қарумен суретке түсіп, «TikTok-қа» жүктеген алты жасөспірім ұсталды

Фото: видеодан скриншот

"Контент үшін" болған.

Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында қаруға ұқсас заттармен түскен жасөспірімдердің жарияланымдарын анықтады. Әсіресе, «TikTok» желісінде 16-17 жас аралығындағы жастардың тапаншаға ұқсас заттарды ұстаған фотосуреттері қоғам назарын аударды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында олардың бесеуі - Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі - аудандық мектептің жоғары сынып оқушысы екені белгілі болды.

Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына берген түсініктемелерінде олар бұл әрекеттерінің мақсаты зорлық-зомбылықты насихаттау емес, тек «контент үшін» болғанын айтты.

Аталған факті бойынша жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, сонымен қатар олар профилактикалық есепке алынды. Жасөспірімдер жариялаған фотолар жойылып, оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.