14.04.2025, 17:00

«2 ай жүріп жеттік»: Ақтаулық ерлі-зайыпты зейнеткер Парижге велосипедпен барды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Қазақстанды қоспағанда жеті елді аралап өттік.

Ақтаулық ерлі-зайыпты зейнеткерлер 65 жасында Ақтаудан Парижге дейін велосипедпен жеткен. Бұл туралы белгілі дизайнер, кәсіпкер Ая Раббим айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 Ерлі-зайыпты Парижге дейін 4600 шақырымды екі айда сегіз елді кесіп өтіп велосипедпен айдап барған. 

- Қиындық болады ғой. Бірақ қиындықты жеңе білу керек, шыдау керек. Қазақстанды қоспағанда жеті елді аралап өттік. Екі айда Ақтаудан Францияға жеттік, дейді 65 жастағы Айзада Борашова. 

Орта жолда олардың қызы Ая Раббим қосылған. 

- Әрі қарай мен де бардым. Штутгорттан қосылдым. Парижге дейін қастарында болдым. Тіс щеткаларына дейін өздері арқалап жүрген, әлі күнге дейін күлеміз. Мен барған соң жүктерін өз көлігіме салып алдым, дейді кәсіпкер. 

Айзада Борашованың сөзінше, сапар кезінде кафеде қонған кездер де болған. 

- Түркияда кафеде қонған кезіміз болды. Күніне 70 шақырым, кейде 90 шақырым, бірде 98 шақырым жүрдік. Рекең күніне 100-120 шақырым жүре алады, дейді Айзада Борашова.