07.04.2025, 12:10

«Үйден шығуға қорқамын». Ақтөбеде белгісіз біреу ұлдарының көзінше әкесін пышақтап тастаған

Фото: pixabay

Үлкен бала бірден әкесіне хабарласқан.

Ақтөбеде балалар алаңында ер адам кәмелетке толмаған балалар мен оның әкесіне пышақпен шабуыл жасаған. Бұл туралы зардап шеккен отбасы мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Aktobe_live инстаграм каналына сілтеме жасап.

Оқиға жексенбі күні сағат 15:00 шамасында болған. Әкесінің айтуынша, ол кіші ұлын үлкен ұлының қарауына қалдырып, аз уақытқа кетіп қалған. Сол сәтте 50–60 жас шамасындағы белгісіз ер адам балаларға жақындап, үлкен баланың қолына ағаш сыпырғышпен соққы жасаған. Кейін пышақпен қорқытып, інісіне жақындауға мүмкіндік бермеген.

Үлкен бала бірден әкесіне хабарласқан. Оқиға орнына жеткен әкесі жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысқанымен, ер адам агрессия көрсетіп, куәгерлердің айтуынша, оның кеуде тұсына пышақ сұққан. Оқиға балалар мен тұрғындардың көз алдында болған.

Зардап шеккен ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, операция жасалған. Қазіргі жағдайы белгісіз.

Отбасы полицейлердің әрекетсіздігіне наразы. Айтуларынша, бастапқыда арыз қабылданбаған, баланың денесіндегі соққылар тіркелмеген, ал күдікті бостандықта жүр. Тіпті, анасы оны қайта ауладан көргенін және оның әлі де отбасына қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын жазды.

Үйден шығуға қорқамын. Ол әлі де қорқытып жатыр. Мен тек әділдік пен қорған сұраймын, — деп жазды балалардың анасы әлеуметтік желіде.

Отбасы бұл жағдайдың қоғамда резонанс тудырып, құқық қорғау органдары тарапынан нақты әрекет болуын сұрайды.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқиға бойынша күдіктінің ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгенін мәлімдеді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге елден шығуға тыйым салынды.