24.04.2024, 15:20

Соңғы екі тәулікте Жайық өзенінде су көтерілген жоқ

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Облыстың 8 ауданында жағдай тұрақталса, 4 аудан және Орал қаласында қауіптің беті әлі сейілген жоқ.

Батыс Қазақстан облысында еріген қар суынан келетін қауіп жоқ. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Тәулік ішінде су деңгейі 1 см түсті, қазіргі деңгейі 8 м 63 см болып отыр. Бұл әлі де Жайық өзенінің қауіпті деңгейінен 13 см биік. Сол себепті облыс бойынша су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Облыстың 8 ауданында жағдай тұрақталса, 4 аудан және Орал қаласында қауіптің беті әлі сейілген жоқ.

«Жайықтың жағасын нығайту, биіктету, дамбы салу, қапшық төсеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 27 адам эвакуацияланды, оның жетеуі – бала. Жалпы, өңірде 13 979 адам эвакуацияланды, оның 2441-і эвапункте орналасқан. Қазіргі уақытта облыста еріген қар суынан келетін қауіп жоқ», - деді Н.Төлеуіш.