28.11.2026, 05:30

«Мен де шаршаймын»: Танымал актриса Мадина Оспан жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

Актриса «Декрет» фильмін түсіруге бала күтімімен үйде отырған аналардың ішкі күйзелісін көрсету ниеті себеп болғанын жеткізді. 

Театр және кино актрисасы Мадина Оспан бала тәрбиесі мен шығармашылықты қатар алып жүрудің қиындығы туралы айтты. Өнер иесі НТК телеарнасындағы «Не дейді?» бағдарламасында ана атанғаннан кейінгі өмірі, жақындарының қолдауы мен өзіне айтылатын сынға тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Актриса «Декрет» фильмін түсіруге бала күтімімен үйде отырған аналардың ішкі күйзелісін көрсету ниеті себеп болғанын жеткізді.

«Декретті бала туып, үйде әбден отырған қыздар ғана түсінеді. Ана болған қыздар ғана түсінеді. Ал ер адамдарға, басы бос қыздарға ол таныс емес қой. Үйде отыру, бала қарау деген. Сондықтан да сол қыздардың ішкі жанайқайын кино арқылы көрсетейік деген ниетпен “Декрет” деген кино түсірдік», – деді ол.

Мадина Оспан түсірілім кезінде балаларын анасына қалдыратынын айтты. Оның сөзінше, еңбек етуінің бір себебі – балаларына үлгі болатын, өз-өзін қамтамасыз ете алатын ана болу.

«Балаларымды үйде өзімнің анама қалдырамын. Балаларды қалдыру керек кезде көмектесіп тұрады. Үлкен ұлым үйреніп қалды. Бірақ енді бір жағынан өзім үшін болғанымен, екінші жағынан, балаларым үшін деп ойлаймын менің тоқтамай еңбек етуім. Өзіме жұмыс жасауым. Менің балаларыма да бақытты, сұлу, өзін-өзі аяққа тұрғызған ана керек», – деді актриса.

Өнер иесі жұмысын жалғастырғаны үшін айналасынан түрлі сын еститінін де жасырмады.

«Бәрі айтады: “Не болды соншама? Балаларың өскенше үйде отырмайсың ба? Өліп бара жатырсың ба киноға түскің келіп?” деп. Ол жақта киноны жақсы көріп, өліп бара жатқандықтан емес. Мәселенің көп тұсы бар. Сондықтан киноға түсетінім жалғыз қара басымды ойлағанымнан емес, болашақты ойлағанымнан», – деп түсіндірді Мадина Оспан.

Сондай-ақ актриса анасы екеуінің бала тәрбиесіне қатысты көзқарастары кейде сәйкес келмейтінін айтты. Әсіресе, балаларының тамақтануына байланысты сақтығы бастапқыда анасына түсініксіз болған.

«Менің анам алғаш балаларымды қалай қарайтынымды көрген кезде кәдімгідей жағасын ұстады. “Бұл әлемде сенде ғана бала бар ма? Не мынау? Кішкене босатсаңшы өзіңді”, – деген. Менің балаларымды мен сияқты ешкім білмейді. Сіз білмейсіз. Қазіргі балалар басқаша, бөлек. Олардың аллергиялары бар», – деді актриса.

Оның айтуынша, балаларының кей тағамдарға аллергиясы болғандықтан, тамақтануына шектеу қоюға тура келеді. Алғашында анасы бұл сақтықты артық көргенімен, кейін немересінің ағзасы кей тағамдарды қабылдамайтынына өзі де көз жеткізген.

«Мен де балама үнемі “Жоқ, анаған аллергиясы бар, мынадай болмайды” деп отырғым келмейді. Мен де шаршаймын. Бірақ сондай ерекшеліктері болады екен. Сөйтіп, анам екеуміз басында кішкене келіспедік. Анам маған “Біз ішіп жүрген тамақты бер” деп ұрысатын. Көнген кездерім де болды. “Мақұл, жарайды, берейік” дедім. Бірақ баламның ағзасы оны қабылдамайтынын көрсетті. Содан кейін анамның да көзі жетті. Қазіргі балалар шынымен басқаша екен», – деп еске алды Мадина Оспан.

Тегтер: актриса