12.11.2026, 11:40

«Ақымақ емеспін»: Танымал әзілкеш ажырасу туралы қауесетке жауап берді (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Әйел адам ашуланады, ренжиді".

Әзілкеш Мансар Орынханның жұбайы Нұрайым Халила әлеуметтік желіде отбасындағы жағдайға қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, күйеуі алты күн бойы үйге келмей, онымен байланысын үзген. Әйел мұндай жағдайдың бұған дейін де болғанын жасырмады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Нұрайымның айтуынша, Мансар бірнеше күннен бері үйге қонбай, оны барлық жерден бұғаттап тастаған. Алайда ол күйеуінің Алматыда жүргенінен хабардар екенін жеткізді.

«Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді, барлық жерден бұғаттайды. Алты күн өтті, Алматыда жүргенін білемін. Бірақ мен өз өмірімді сүремін. Оның жоқтығынан өмір тоқтамайды. Бұл бірінші рет емес. Кеше тойға бардым, сол кезде ғана байланысқа шықты», – деп жазды ол.

Сондай-ақ үш баласымен баспанасыз қалғысы келмейтінін айтып, күйеуіне отбасына қатысты нақты шешім қабылдауды ұсынған.

«Егер таңдауың көше болса, үйді бізге қалдыр. Бізді таңдамағаның үшін үш баламен тентіретпе. Мен бұл үйден кетпеймін, қусаң да», – деді Нұрайым.

Ал Мансар Орынхан да әлеуметтік желідегі парақшасында отбасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Әзілкеш ажырасуды қаламайтынын және шаңырағын сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін мәлімдеді.

«Ешқандай отбасы ажыраспасын, балалар жетім қалмасын. Алладан тек соны тілеймін. Менің ең үлкен байлығым – отбасым. Әйелімді маған қарсы айдап салып жатқан кейбір адамдар, қандай жиіркенішті едіңдер. Мен отбасымды сақтап қалу үшін барлығын жасаймын. Жасап та жүрмін», – деп жазды ол.

Сонымен қатар әзілкеш соңғы уақытта өзін ақша мен атақ өзгертті деген пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, күндіз-түні еңбектенуінің басты себебі – отбасының жағдайын жасау.

Мансардың сөзінше, ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік болғанымен, қазір жағдай реттелген.

«Бізде барлығы дұрыс. Қазір барлығы шешілді. Әйел адам ашуланады, ренжиді. Кейбір адамдар Мансарды ақша өзгертті деп жазған. Бірақ менің күндіз-түні еңбек етуімнің себебі де – отбасым. Әзіл саласында жүрсем де, ақымақ адам емеспін. Жастар арасында барлығы болады», – деп жазды ол.