Актрисаның айтуынша, бала кезінде отбасында жоқшылық болып, кейде қант пен басқа да азық-түлік жетіспеген.
Танымал продюсер әрі актриса Дариға Бадықова бала кезіндегі қиын кезеңді еске алып, көзіне жас алды. Ол бұл туралы Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Актрисаның айтуынша, бала кезінде отбасында жоқшылық болып, кейде қант пен басқа да азық-түлік жетіспеген. Сондай сәттерде ол көшеге шығып, ән айтып, тамақ тауып әкелетін болған.
«Мен Дариғаға ризамын. Уфф, жыламаймын деп едім. Жұрт мені жыламайды деп ойлайды. Мен кішкентай кезімде "қант жоқ, басқа жоқ" десе, "неге жоқ, табу керек қой" деген ой болатын. Қалай жоқ болады ол? Неге жоқ деп ойлайтынмын.
Сонда түсте әрбір көшеге шығып, ән айтатынмын. "Қант, алма, құрт" деп ән айтсам, әркім қолындағысын беретін. Оларды жинап, үйге алып келетінмін. Інім мен әпкемнің жегеніне мәз болатынмын. Солар жесе екен, солар ішсе екен деп ойлайтынмын.
Түсте бәрі ұйықтағанда ән айтуға шығатынмын. Көше-көшені аралап, төрт-бес көшеге баратынмын. Бәрі мені жақсы көретін. Туған ауылыма ризамын», – деді актриса сұхбатында.
Желі қолданушылары Дариға Бадықованың әңгімесіне жылы лебіздерін білдіріп, оның бала кезінен еңбекқор болғанын атап өтті.