Тележүргізуші әлеуметтік желідегі жазбасында ешкіммен сөз таластыруға ниеті жоқ екенін жеткізді.
Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы актер Қуандық Қыстықбаевпен болған сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлерге қатысты түсініктеме берді. Ол ешкімнің көңіліне қаяу түсіруді мақсат етпегенін айтып, деменция тақырыбына қатысты пікірінің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тележүргізуші әлеуметтік желідегі жазбасында ешкіммен сөз таластыруға ниеті жоқ екенін жеткізді.
«Ешкімге шамына тиіп, көңіліне қаяу түсіргім келмейді. Баршаңыздың ой-пікіріңізді құрметтеймін. Бірақ дәл қазір ешкіммен ұрысуға да, пікірталасқа түсуге де ниетім жоқ», – деп жазды ол.
Ләйлә Сұлтанқызы деменцияның қаншалықты ауыр дерт екенін өз отбасындағы жағдайдан білетінін атап өтті. Айтуынша, нағашы әжесі 70 жастан асқан шағында осы ауруға шалдығып, кейін өз балаларын да танымай қалған.
Сондай-ақ тележүргізуші Қуандық Қыстықбаевпен болған әңгіменің құрдастар арасындағы еркін сұхбат екенін айтып, сұрағында ешқандай астар болмағанын түсіндірді.
«Ал сіздер көрген рилс – Қуандық екеуміздің құрдастар арасындағы әңгімеміз. Менің сұрағым да, таңданысым да осы тақырыпқа қатысты болды. Ешқандай астарлы ой немесе біреудің жағдайын жеңіл қабылдау болған жоқ», – деді ол.
Бұған қоса, Ләйлә Сұлтанқызы деменцияның жас адамдарда да кездесетініне алаңдайтынын жеткізді. Ол айтылған сөздерді бастапқы контекстен бөліп қарамауға шақырып, ешкімді ренжіту ойында болмағанын тағы да атап өтті.
«Сондықтан айтылған сөзді өз контексінде қабылдасаңыздар екен. Ешкімнің көңіліне тиюді мақсат еткен жоқпын», – деп түйіндеді тележүргізуші.