06.11.2026, 22:30

«Баяғыда беру керек еді»: Елге танымал жайдарманшы «Ерен еңбегі» медалімен марапатталды

Фото: Фото: Instagram/daniyar_dzhumadilov

Көпшілікке "Астана" командасындағы ойынымен танылған Данияр Жұмәділов ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың қолынан "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жайдарманшы қуанышты жаңалығымен өзінің желідегі парақшасында бөлісті. 

«Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуым – мен үшін үлкен құрмет әрі өнер жолындағы еңбегіме берілген баға деп білемін.

Өнер жолында 25 жыл бойы адал қызмет етіп, шетел сахналарында қазақ өнерін дәріптеп, еліміздің абыройын асқақтатуға қосқан еңбегімнің еленіп, жоғары бағалануы – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы алғысымды білдіремін.

Бұл марапат – тек менің ғана емес, бірге еңбек еткен әріптестерімнің, өнер жолында маған қолдау білдірген жандардың да ортақ жетістігі», — деп жазды ол.

Көпшілік оның бұл марапатына қуанып, жылы тілектерін жаудырып жатыр.