Тележүргізушінің бұл пікірін желі қолданушылары да қолдап, өз басынан өткен жағдайлармен бөлісті.
Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде қыз-келіншектерге үндеу жасап, өзіне жасалған қорлыққа үнсіз қалмауға шақырды. Журналистің жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол өзін «жәбірленуші» деп атаудан ұялатын әйелдерге арнайы үндеу арнаған. Оның айтуынша, өзгеге қиянат жасайтын адамдар жәбірленушінің осал тұсын жақсы біледі және соны өз пайдасына қолданады.
«Тағы да “жертва” болудан ұяламын (құрбан, потерпевшая, жәбірленуші болудан) дейтіндерге айтарым:
Сізге қорлық жасап жатқан адам сіздің ұятыңыз барын (әлсіз тұсыңыз, “ұятты жеріңіз”) барын біле тұра қиянат жасайды.
Өйткені өзі ұяттан жұрдай!
Сондықтан да ондай қаскүнемді ашық күресіп қана жеңесіз. Есіңізде болсын!» – деп жазды Дана Нұржігіт.
Тележүргізушінің бұл пікірін желі қолданушылары да қолдап, өз басынан өткен жағдайлармен бөлісті. Олардың бірі қоғам алдында абыройына нұқсан келтіріп, өзі туралы жалған ақпарат тарататын адамдарға үнсіз қалу дұрыс шешім емес екенін айтты.
«Өте дұрыс айтуыңыз! Қоғамның, халықтың алдында абыройыңды айрандай төгіп, сен туралы небір құйтұрқы оқиға құрастырып, өтірікті судай сапырып, әлеуметтік желіде ойдан шығарып жариялап отырған опасыздың іс-қимылына бір үндемеу, екі үндемеу, соны ақылға салу деп ойласам, тіпті де олай емес екен. Керісінше, ақымақтық сияқты! Дәйекті, дәлелді түрде әшкерелеу керек екен!» – деп жазды желі қолданушысы.