Ол 20 қазанда TikTok-та алғаш рет алдын ала ескертусіз тікелей эфирге шыққан.
Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне тосын жаңалығын жариялайтынын мәлімдеді. Өнер иесі бұл туралы 21 қазанда TikTok желісіндегі тікелей эфирге қатысты жазбасында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің сөзінше, ол 20 қазанда TikTok-та алғаш рет алдын ала ескертусіз тікелей эфирге шыққан. Алайда эфирге қосылып үлгермеген тыңдармандарының бірқатары өкініш білдірген.
Осыған байланысты Димаш жаңалығын келесі эфирде бөлісуді ұйғарған. Өнер иесі жанкүйерлерін бес сағаттан кейін өтетін тікелей эфирге шақырып, айтатын жаңалығы көпшіліктің ойына да келмейтінін жеткізді.
«Кеше алдын ала ескертпестен TikTok-та алғаш рет тікелей эфирге шықтым. Көпшілігіңіз эфирге қосылып үлгермегендіктен, жаңалығымды бүгін айтуды ұйғардым. 5 сағаттан кейін тікелей эфир. Сіздер күтпеген жаңалығым бар, не туралы айтатынымды елестете де алмайсыздар», – деп жазды әнші.
Димаштың қандай жаңалық жариялайтыны әзірге белгісіз. Өнер иесінің мәлімдемесі жанкүйерлерінің қызығушылығын арттырды.