$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

«Астана – Ташкент»: Қанат Айтбаевтың жаңа туындысы жарыққа шықты (ВИДЕО)

«ДимашӘли» шығармашылық орталығы Қанат Айтбаевтың «Астана – Ташкент» әніне түсірілген бейнебаянды жариялады. Әнде Қазақстан мен Өзбекстанның өнері мен мәдениеті тоғысып, екі халықтың достығы мен татулығы дәріптелген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қанат Айтбаевтың айтуынша, әннің дүниеге келуіне оның Өзбекстанға жасаған шығармашылық сапары түрткі болған. Сол жолы Қазақстан делегациясын өзбек ағайындар ерекше ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқан. Көрсетілген құрмет пен жылы ықылас, екі ел арасындағы сыйластық әнге арқау болған.

Осы әсерден туған әуенге сөзді белгілі ақын Қуат Бораш жазған. Ән мәтінінде Қазақстан мен Өзбекстан қалалары, екі елдің мәдени байлығы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі туралы айтылады.

Туындының ерекшелігі – ұлттық аспаптардың үні бір композицияда үйлесім табады. Домбырашылар Темірлан мен Ернаттың орындауы өзбек музыканты Рустам Тулешовтың саз аспабындағы партиясымен үндеседі. Аспаптар арасындағы музыкалық диалог екі халықтың өнеріндегі ерекшеліктерді танытып қана қоймай, олардың бір-бірін қалай толықтыра алатынын көрсетеді.

Бейнебаянның көркемдік мазмұнын Қазақстанның «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі мен Өзбекстанның «Шахзода Dance» би ұжымының қойылымдары аша түседі. Ұлттық би өнері арқылы екі елдің мәдени болмысы мен ортақ құндылықтары көрініс табады.

Композицияның аранжировкасын Рустам Тулешов жасаған. Музыкалық продюсері – Қанат Айтбаев, ал бейнебаянды Икромали Мұхамеджанов түсірген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0