Алғаш табалдырық аттағанда қайын атасы ұлына салмағы ауыр, өнегелі өсиет айтқан.
Белгілі әнші Светлана Айтбаева қайын атасының ерекше қасиетін айтты. "Өнегелі отбасы" ютуб арнасына берген сұхбатында әнші келін болып түскен сәттегі естіген сөздерін ашық айтты, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Алғаш табалдырық аттағанда қайын атасы ұлына салмағы ауыр, өнегелі өсиет айтқан.
«Біз үйленген кезде, мен келін болып түскенде, атам, Қанаттың папасы оны шақырып алып, мені аманаттады. "Сен біреудің баласын алып келдің. Ол бізді танымайды, мамаңды, мені туыстарды танымайды. Ағайын—туыстың біреуін де танымайды. Саған ғана сеніп келіп отыр. Осы сенімді жоғалтып алма" депті. Міне, осы бірақ ауыз сөз айтқан екен», — деді Светлана Айтбаева.
Әнші сұхбатында үлкендердің үлгілі сөзін өнеге еткен күйеуіне алғыс білдірді. Өзі де қайын атасының алдын кесіп көрмеген.
«Ертең мен құдаларымның алдында басымды төмен түсіріп отырмайын. Барған кезде басымды тік ұстап отырайын деген. Міне, кез келген ата-ана осы сөздерді айта білулері керек деп санаймын», — деді аты әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің анасы.
Желі қолданушылары әншінің қайын атасына алғыстарын білдіріп, "Текті әулет", "үлгілі сөз", "керемет айтылған", "аталы сөз" деп жақсы пікірлерін қалдырып жатыр.